Қашаған кен орнында тәуліктегі мұнай өндіру көлемі теңіз кешеніндегі жоспардан тыс жөндеу жұмыстарына байланысты тәулігіне 400 мың баррельден 220 мыңға дейін төмендеді.
ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі «13 қарашада ақау салдарынан газды кері айдайтын 1-компрессор тоқтап қалды. Қазір қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. 29 қарашадан бастап мұнай өндіру көлемі 320 мың баррельге көтерілді» деп хабарлады. НКОК компаниясының Қашаған кеніші операторының бағалауынша, жөндеу жұмыстары шамамен бір айға созылады, содан кейін 400 мың баррельдік деңгей қалпына келтіріледі.
Сәл кейінірек Солтүстік Каспий жобасының операторы NCOC консорциумы осы ахуалға қатысты түсінік берді:
«Консорциум қауіпсіздік талаптарына сәйкес өндірісті жалғастыруда. Газ компрессорларындағы техникалық ақауларды түзету жұмыстары ойдағыдай жүргізіліп жатыр. Әр түрлі себептерге байланысты, соның ішінде техникалық қызмет көрсетуге қатысты тәуліктегі өндіріс көлемінің төмендеуі кең тараған құбылыс, біз өндірісті жоспарлау кезінде осы факторды ескереміз. Біздің компания блок жұмысын тезірек қалпына келтіруге жұмыстанады».
Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА