Атырау, 23 қараша 20:17
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жылу орталығындағы апат билік айтқаннан да күрделі секілді

3 392 просмотра


Жылу электр орталығындағы апат салдарынан Атырау облысы тұрғындарының жартысына жуығы, соның ішінде облыс орталығы, сонымен қатар ірі мұнай кен орындары жарықсыз қалды.

1 желтоқсанда мұнайлы астананың сол жағалауында жарық пен су болмады. Бұл оң жағалаудың бір бөлігін де қамтыды. Алдымен қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі апаттық турбинаның қайта іске қосылғанын айтып, «қазіргі уақытта электр қуаты мен су беру қалпына келтіріліп жатыр» деп мәлімдеді, бірақ бұл жағдай 2 желтоқсанда тағы қайталанды.

Жергілікті билік әзірге апат ауқымы туралы хабарлаған жоқ. Сондықтан Атыраудағы электр қуатынан ажыратылған учаскелердің нақты саны әлі белгісіз. Атырау облысы аудандарының тұрғындары мен вахтадағы мұнайшылар қазір электр қуатының жоқ екенін хабарлап отыр.

Қала әкімдігінің баспасөз қызметі апат себептерін анықтау үшін жұмыс комиссиясының құрылғандығын, ЖЭО қызметкерлері апаттық-қалпына келтіру жұмыстарымен айналысуда деп хабарлады. Бұл жағдай, әрине, бұдан бұрын "ЖЭО-да қазір бәрі қалыпты жұмыс жасап тұр" деп мәлімдеген ақпараттарға сай келмейді.

Бүгін, 3 желтоқсанда, Атырау көшелерінде жарықтың өшуіне байланысты кептеліс пайда болды. «АЖ»-ға белгілі болғандай, Атырауда кейбір бағдаршамдар мен бақылау камералары әлі жұмыс істемейді. Бұдан басқа, «жедел жәрдем» станциясының жұмысында ақаулар болды, ал Атырау қаласының кейбір білім беру мекемелері жарық пен жылудың жоқтығынан балаларды үйлеріне қайтарып жіберді.

- Екі күннен астам уақыттан бері Атырау қаласының кейбір аудандарында жарықпен қамтуға қатысты проблемалар орын алуда. Бастапқыда бұған ЖЭО-дағы апат себеп болса, кейін МАЭК-тен (Ақтау) энергияның берілуі айтарлықтай төмендегені әсер етті. 1 желтоқсанда облыс әкімінің тапсырмасымен комиссия құрылды, - деп облыс әкімдігінде қысқаша түсініктеме берді.

Биыл Атырауға жылу беру маусымына дайындық үшін 8,2 млрд теңге бөлінгенін, оның 5,7 миллиарды жергілікті бюджет қаржысы екенін атап өткен жөн. 2019 жылы Атырау ЖЭО-да №5, 12, 14 қазандық агрегаттары және № 9, 10 турбоагрегаттар жөнделді. Күзде облыс әкімдігі біздің өңіріміздің қыс мезгіліне толығымен дайын екенін хабарлады, алайда соншалықты дайын емес екенбіз.

«Kegoc» АҚ (Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінің операторы) өңірлік диспетчерлік орталығының басшысы Арыстан ИСМАҒҰЛОВ:

- ЖЭО-да ештеңе жанып кеткен жоқ, тек технологиялық ақау болды. Тіпті «апат» деп айтуға келмейді. 4 турбоагрегаттың жұмысы тоқтатылды.

- Алдын ала себебін атай аласыз ба?

- Жоқ, әзірге айта алмаймын.

Фархат ӘБІЛОВ

3 желтоқсан 2019, 13:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.