Атырау, 23 қараша 22:08
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Түрмедегі той

Сурет Бейнежазба
5 855 просмотра


...Алтын неке жүзігінің орнына бижутериялық жүзік, куәгерлер орнына түзету колониясының қызметкерлері, бал айы үшін ұзақ мерзімді (екі тәулік) кездесу: 29 қарашада Атырау колониясында жазасын өтеп жатқан Татьяна Вадиммен некесін қидырды. 

Атыраудағы «Түрме тойлары» көбіне ерлер колониясында тойланатын, ал әйелдер колониясындағы мына той айтулы оқиғаға айналды: бостандықта жүрген ер азаматтың қайсысы сотталған әйелмен шаңырақ көтеруге дайын дейсіз, алайда, Вадим батыл қадам жасады. 

 

Қалыңдық - өзі тіккен той көйлегін киді, айтпақшы, ол колонияның тігін цехында жұмыс жасайды. 

- Той көйлектерінің 100 мың теңгеден кемі жоқ екенін білем, өзім кәсіби тігінші бола тұра оған ақша шығарып қайтем, тіккен көйлегім олардан жаман бола қоймас деп ойлаймын. 

Ертең той деген күні ол көз ілмеді. Таңғы тексеруден соң оған отрядқа оралып, той рәсіміне дайындалуға рұқсат берілді.  Макияж, маникюр, шашын сәндеуге өз жанындағы тағдырлас құрбылары көмектесті, оның үстіне оларға таяуда ғана шаш үлгісі және макияж бойынша курс жүргізілген болатын. 

Вадимның қолында бөлме гүлі.


- Оған шоқ гүлдің қажеті қанша? Ал, бұл гүлгеТаня су құйып, мені күн сайын есіне алып тұратын болады, - дейді күйеу жігіт. 

Олардың неке қию рәсімі ұзақ мерзімді кездесулерге арналған бөлмеде өтті. Рәсімді АХАТ қызметкері өткізді, Мендельсон маршы ойналмаса да, жас жұбайларды колония қызметкерлері құттықтады. 


- Біз бір-бірімізді көптен танимыз, қай жылы екені есімде жоқ. Ол кезде біз Ақтөбеде, бір көшеде тұрдық. Жақсы араластық. Бірақ, мен дәл осындай мекемеде тұрмысқа шығам деп ешқашан ойлаған емеспін. Ол маған ұсынысты мамыр айында жасаған болатын. Мен үшін бұл күтпеген жағдай еді, бастапқыда тіпті, қалжың болар деп те ойладым. Бірақ, кейін оның сезімінің шынайы екенін түсіндім. Ол мен үшін Ақтөбеден Атырауға келіп жұмысқа орналасты. Осы жерден шыққан соң үлкен той жасаймыз, -дейді Татьяна. 


Ол колонияға 2013 жылы ішімдік ішу барысында құрбысын өлтіргені үшін түскен. 13 жылға бас бостандығынан айырылды. Содан бері Татьяна қатты өзгерді, енді ол екі жылдан соң шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығуға үмітті. Енді оның күтетін адамы бар. 



Фархат ӘБІЛОВ

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

1 желтоқсан 2019, 15:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.