Қырғызстан астанасына Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ - ОДКБ) мүше мемлекеттердің басшылары жиналды. 28 қарашада Бішкекте ҰҚШҰ-ның ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті сессиясы басталды.
Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, 28 қарашаға қараған түні Ресей президенті Владимир Путинді Бішкек әуежайында Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков қарсы алған.
Бұл әскери блокқа Ресей мен Қырғызстаннан бөлек, Армения, Беларусь, Қазақстан және Тәжікстан мүше. Беларусь пен Тәжікстан басшылары Александр Лукашенко мен Эмомали Рахмон, сонымен бірге Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян Бішкекке ертерек келіп қойған. 27 қарашада Қырғызстанға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен барған. "Манас" әуежайында оны қырғыз әріптесі Сооронбай Жээнбеков қарсы алды.
Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясында өзге мәселелермен қатар "тәжік-ауған шекарасы аумағындағы шиеленісті шешу" мәселесі талқыланады.
Қырғызстанда Ресейдің бірқатар әскери нысандары бар: Кант әскери базасы, Ыстықкөлдегі әскери-теңіз база, Майлуу-Суу қалашығындағы сейсмологиялық орталық және қазақ-қырғыз шекарасындағы Чалдовар коммуникация орталығы. 2012 жылы бұл нысандардың барлығы Ресейдің біртұтас әскери базасының құрамына біріктірілген.
2019 жылдың басында Қырғызстанда екінші Ресей әскери базасының пайда болу мүмкіндігі жайлы ақпарат тараған. Ақпан айында Қырғызстанның жоғары лауазымды шенеунігі Бішкек Ресейдің екінші әскери базасын шоғырландыру мүмкіндігі жайлы мәселені қарастырмайды деді.
Дереккөз: Азаттық радиосы