Баймұханов көшесінде жол-көлік апатынан қаза болған жасөспірімнің туыстары мен заңды өкілі тікелей кінәлі - Toyota Camry-50 жүргізушісін ғана емес, қара түсті Mersedes-тің рөлінде отырған адамды да қылмыстық жауапқа тартуды талап етуде. Олар қаланың қозғалысы көп көшесінде өзара жарысып, оның соңы осындай қайғылы жағдайға әкеп соққан еді.
- 21 қыркүйекте Атырауда 17 жастағы Нұртан Мақсотовтың өмірін қиған жол апаты орын алғаны белгілі. Бүгін біз төрт сараптаманың қорытындысымен таныстық, жақын арада іс сотқа жолданады. Тергеліп жатқан Д.Сатиев Қылмыстық кодекстің 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастыратын 345-бабының 3-тармағы бойынша тергелуде, - деді жәбірленуші тараптың заңды өкілі Әсел НҰРҒАЗИЕВА. - Бірақ қазір марқұмның ата-анасын және олардың заңды өкілі ретінде мені «Мерседес» жүргізушісі неге қылмыстық жауапқа тартылмайды деген сұрақ алаңдатып отыр. Бақылау камераларындағы жазбалардан «Мерседестің» қатты жылдамдықпен жаяу жүргіншілер өткелінде Нұртанның жанынан зу етіп өтіп кеткені, ал бірер секундтан кейін сондай қатты жылдамдықта оны «Тойотаның» қағып кеткені ап-айқын көрініп тұр. «Мерседес» жүргізушісі осы қылмысқа қатысқаны үшін жауапқа тартылуы керек еді, бірақ ол жылдамдықты арттырғаны үшін және апатты жағдай туғызғаны үшін Әкімшілік кодекс бойынша ғана жазаланды.
Сараптама қорытындысына сәйкес, «Тойота» сағатына 145,2 шақырым, «Мерседес» 137,2 шақырым жылдамдықпен жүрген.
- Қылмыстық іс материалдарына трассологиялық және басқа сараптама қорытындылары, бақылау ккамераларындағы жазбалар қоса тіркелді. Тергеу жеткілікті дәлелдер жинады, кешікпей іс сотқа жолданады, - деп хабарлады Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі. «Неліктен сол күні бірде-бір камера қайғылы оқиға болғанға дейін олардың жарысқанын тіркемеген? Неліктен ЖПҚ қызметкерлері оларды тоқтатпаған?» деген «АЖ» сұрағы жауапсыз қалды.
Фархат ӘБІЛОВ