Атырауда жеті «жылы» аялдама павильоны ашылады.
Билік мұндай аялдамалар туралы алғаш рет осы жылдың басында, дәлірек айтсақ, өткен қыстың соңында айта бастаған еді. Ол кезде қала әкімдігі жиырма үш павильон сатып алған болатын. Олардың жетеуі бастапқыда «аралас» болады деп есептелді, яғни автобус күтетін қала тұрғындарына ғана емес, коммерциялық мақсаттарға да арналған еді.
Сол кезде әлеуметтік желілерде тұрғындардың көпшілігі «неліктен «жылы» аялдамаларды жазға қарай ашу қала басшыларының ойына келмеген?» деп әзілдеді. Бұған жауап ретінде сол кездегі қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Шәкір КЕЙКИН жалға алатын коммерсанттарды іздестіру үшін көп уақыттың босқа кеткенін, соңында бас қатырмай, қала тұрғындарына беру туралы шешім қабылданғанын айтқан еді.
Атырау әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде аялдамалардың кейбіреуі ашылған, басқалары көп ұзамай іске қосылады екен.
- Жабық түрдегі автобус аялдамалары жылдың әр маусымына бейімделген. Олар қыста жылытылса, жазда салқындатылады. Бұдан басқа, бұл жерден ұялы телефонды қуаттап алуға болады, - дейді қалалық ТКШ бөлімі. Бүлдіріп, қиратудың алдын алу үшін әр павильонда жедел басқару орталығына жалғанған бақылау камералары орнатылған.
Осындай бірнеше «жылы» павильонды аралап көрмек болдым. Мысалы, облыстық перзентхана жанында орналасқан павильон әлі ашылмаған. Есесіне сол жерде автобус күтіп тұрған әйел №4 автобус маршрутының жұмысы нашар деп шағымданды.
Ал Авангардтағы соңғы аялдамада тұрғындар «жылы» кабиналарды белсенді пайдалануда.
- Жақсы бастама, бастысы, ішіне ешкім қоқыс тастамай, түзге отырып кетпесе болғаны, - деді менің суретке түсіріп жатқанымды көрген көпті көрген әжелердің бірі.
Мұндай «жылы» аялдамалар көбейсе керемет болар еді.
Анастасия АЛЮШИНА
Суреттерді түсірген автор