Атырауда өткен құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысының басты тақырыбы «мектеп» болды. Бұл Таразда мектеп оқушысын көшедегі әжетханада зорлау оқиғасынан кейін заңды шығар. Білім басқармасы басшысының м.а. Жансұлу ТӨРЕМҰРАТОВА бейнебақылау мониторларын қадағалауға арнайы бір қызметкерді отырғызу керек деп ұсыныс айтты.
- Мектептегі камераларды негізінен директорлар өз кабинеттерінде қарап отырады. Бірақ олар күні бойы кабинетінде отырмайды ғой, сондықтан камераларды қадағалайтын арнайы дайындалған бір адамды отырғызу керек,- деді Төремұратова. Қауіпсіздікке қатысты қозғалған тағы бір мәселе – кейбір оқу орындарындағы оқушылардың көптігі. Тіпті, Еркінқаладағы екі ауысым деп есептеліп келген мектеп тексеруден кейін үш ауысымды болып шыққан.
- Таразда болған жағдай бойынша сіздің ұсынысыңызды қарастырамыз. Осы бойынша комиссия құрылып, әр мектеп, олардың жағдайы бойынша есеп берілсін,- деп жауап берді жиналысқа қатысқан Атырау облысы әкімі Нұрлан НОҒАЕВ. – Ал үш ауысымдық мектеп бойынша да қажетті шаралар алынып жатыр. 14 мектеп бар еді, үшеуі биыл жойылды. Енді тағы біреуін қосып отырсыздар, қазір 6 мектеп салынып жатыр, 3 мектептің жобалау құжаты әзірленуде.
Ол, сондай-ақ, жақында әлеуметтік желіде тараған №21 мектептің мұғалімі ата-аналардан жапқышқа ақша жинау жөніндегі бейнежазба туралы сұрады.
- Мектепке қажетті заттарды алу үшін бюджеттен қаржы бөлінеді, енді не жетпей жатыр?
- Бұл жерде қамқоршылық кеңесінің жиналысы болып, сол кеңестің шотын ашу туралы әңгіме жүрген. Ешкім ақша жинауға мәжбүрлеп жатқан жоқ. Білім туралы заңда әр мектептің қамқоршылық кеңесі туралы айтылған. Оған сол мектептің меценаттары, бұрынғы түлектері, оқушылардың қалталы ата-аналары кіреді. 21 мектепте болған жағдай түсінік жұмыстары дұрыс жүргізілмегендіктен орын алған, бұл бағытта жиналыс өткізетін боламыз,- деді Төремұратова.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА