Атырау, 23 қараша 22:15
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Өзге ұлттан бала көтердің деп ағаларым қуып жіберді»

Сурет
6 786 просмотра


Өмірдің қиындығына тап болған ондаған тағдырды бір жерге тоғыстырған бұл «Аналар үйі» кәсіпкерлердің қолдауымен  Атырауда бес жыл бұрын ашылған еді.  Бүгінде 16 орынға арналған бұл орталықта 18 бен 28 жас аралығындағы 9 әйел тұрады. Барар жер, басар тауы қалмаған аналарға пана болған орталық туралы «АЖ» мақаласында. 

Бұл жерде болашақ аналарға  жүктілік кезінде жеңілденгенге дейін дәрігерге қаралу, баспанаға кезекке тұру, жұмыспен қамту орталығы арқылы қызметке орналастыруға көмектеседі.


- Мұнда аналар баласы жас жарымға жеткенше тұрақтайды. Осы уақытта өмірлерін реттеуге жәрдемдесеміз. Өмірге бейімделіп алғанша бала тәрбиешісімен жұмысқа орналасуына көмектесеміз. Олар үшін бұл орталықтағы киім-кешек, тамақ, жатын орын - бәрі тегін. Ал балаларға арналған ойыншық, қажетті дүниелерді демеушілер алып келеді екен. Мұнда қатал болмағанымен тәртіп бар. Кешкі 9 дан кейін көшеге шығуға рұқсат жоқ. Жасқа толғаннан кейін олар бөлек үй жалдап кетеді. Тіпті кеткендеріне 5 жыл өтсе де байланысты үзбейміз, - дейді аналар үйінің координаторы Гүлфариза ГУБАШЕВА.

Бұл жерге әр түрлі тағдырлы қыздар келді. Әрқайсының өзінің оқиғасы бар. Мысалы, орталықтан біраз күн бұрын Лаура есімді әйел кеткен.  Жасы 21 де.  Қарақалпақстаннан келген оралман. Атырауда тек әкесі екеуі тұрған. Атырауға келген кезде көкшетаулық аспаз жігітпен танысып, бірге жұмыс жасапты. Кейін қыздың жігіттен аяғы ауыр болып қалған. Оны естіген жігіт қызды тастап кеткен.  Ал әкесі қызды үйден қуған.

- Біздің орталыққа ол баласына 5 ай болған кезде келді. Ұл бала. Өзі сүйкімді, шынашақтай ғана нәресте. Уақыт өтіп, бала жас жарымға келеді. Орталықтан кететін уақыты болған кезде қыз баратын жерім жоқ деп жылады. Содан жігіттің үстінен іс қозғаймыз деп шештік.  Оны сотқа шақырып, ДНК сараптамасын жасатпақшы болдық. Бірақ соттың үстінде жігіт баланың өзінікі екенін мойындап, қызды өзінің жары етіп алатынын айтты. Кейін Көкшетаудан жігіттің ата-анасы келіп, құда түсіп, той жасады,- дейді Г. Ғұбашева.


Тағы бір тағдыр. Суық күндердің бірінде орталыққа 18 жасар қызды жеңгесі ертіп келді. Ішінде 4-5 айлық бала бар. Бір отбасының жалғыз қызы екен. Алдында 5 ағасы бар. Қыздың түрік жігітінен жүкті екенін естіген ағалары ұрмақшы болады. Бірақ қыздың әке-шешесі қызды жеңгесіне ертіп қашырып жібереді.

- Үйден қысым көрген соң, осында келдім. Перзентханада босандым. Сол кезде маған бұрын сыртымнан сөз айтып жүретін жігіт хабарласты. Сүйетінін, балаға әке болуға дайын екенін айтты. Мен қарсы болмадым, - дейді Айжан.

Айгерім есімді 23 жастағы ана Қарақалпақстаннан келген. Екі баласы бар. Екеуі екі әкеден.

- Екінші балама аяғым ауыр кезде өз еліме анама барғанмын. Алайда ол мені қуып жіберді. Балдарымның әкелері туралы ештеңе айтқым келмейді,- дейді Айгерім. 

Қорғансыз қыздарды бауырына басқан Атыраудағы аналар үйінің бүгінгі тұрмыс тіршілігі осындай.

Әсем БОЛАТҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген автор

26 қараша 2019, 13:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.