2016 жылы Атырауда жастар театры құрылды. Осы уақыт бойы театрдың әуесқой әртістері көрерменнің қошеметіне бөленген 14 спектакль сахналаған еді. Бұл құбылыс жергілікті биліктің де назарын аудартты: жақында осы жас Мельпомен еріктілері үшін облыстық бюджеттен Махамбет атындағы академиялық драма театрына 25 штат бекітті.
Шығармашылық ұжымды үш жыл бұрын облыстық драма театрының әртістері, ерлі-зайыпты Гүлнұр ҚАЙЫРЛИЕВА мен Әміржан НҰРЛАНҰЛЫНЫҢ бастамасымен құрылған еді. Әртістері де сол кездегі студенттер мен жоғары сынып оқушыларынан жиналды.
- Кастинг кезінде қаламызда әртіс болғысы келетін жастардың көп екенін байқадық. Сөйтіп, алғашқы қойылымдарымызды Жайықтың жағасында, саябақтарда сахналап жүрдік. Біздің көрермендердің назарын аудартқан бір ерекшелігіміз - қойылымдарымызды қоғамдағы жастар мәселесіне арнадық, - дейді театр жетекшісі Ә. Нұрланұлы. - Жастар саясаты басқармасы қолдауымен былтыр Құрманғазы мәдениет сарайында төрт қойылым, биыл үш премьера көрерменге ұсынылды. Биыл бір қойылымға облыс әкімі келді. Аймақ басшысы жастардың өнеріне риза болып, биыл екінші жартыжылдықтан бастап театр жанынан жастарға 25 штат ашып берді. Алдағы уақытта өз алдымызға ғимарат мәселесін шешіп беру жоспарда бар.
Театр әртістерінің құрамы әр түрлі: бірі информатика маманы болса, бірі – медицина қызметкері, тіпті, электрик те бар. Ең бастысы, барлығын өнерге деген махаббат біріктіреді. Олар түрлі курстарға, тәжірибе алмасуға басқа театрларға жіберіліп тұрады екен. Биыл әртістердің барлығы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында бір айлық оқудан өтіп келді. Тағы екі әртіс Мәскеуге барған.
- Алда қандай жоспарларыңыз бар?
- Желтоқсан айында Испанияға халықаралық театрлар фестиваліне шақыру алдық. Ол жақта қазақы тарихымыз бен дәстүрімізді насихаттайтын қойылым апармақпыз. Фестивальден келген соң барлығы Елордаға бір айға оқуға барады. Содан кейін жаңа қойылымдар болатыны сөзсіз.
Бір қызығы, жастар театрын құрушы екі әртіс те облыстық драма театрда қосалқы рөлдерді сомдау кезінде танысып, отау құрған екен. Енді, міне, екеуі өнер сүйер жастардың басын қосып, театр құрды. Шығармашылық табыс тілейміз!
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттерді түсірген автор