Атырау, 25 сәуір 22:13
 ашықВ Атырау +17
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

"Норман төрттігі" саммиті алдында Путин мен Зеленский телефонмен сөйлесті

3 250 просмотра


25 қарашада Ресей президенті Владимир Путин Украина басшысы Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесті. Кремль мен Зеленский кеңсесі таратқан мәлімдемеге сәйкес, екі мемлекет басшысы Украина арқылы Ресей газын Еуропаға жеткізу мәселесін де талқылаған.

Табиғи газ транзитіне қатысты Мәскеу мен Киев арасындағы келісім-шарттың мерзімі 2020 жылы 1 қаңтарда бітеді. Ал тараптар жаңа келісім-шартқа әлі қол қоймады. Еуропа Одағы қатысатын жаңа келісім шарттарын тараптар келесі аптада талқылайды. 

Екі көрші мемлекет арасындағы даудың салдарынан 2006 және 2009 жылдары Еуропаның көптеген мемлекеті қыс ортасында газ тапшылығына ұшыраған. 

Зеленский кеңсесінің хабарлауынша, телефон әңгімеде Зеленский өткен жылы Ресей әскері ұстаған, өткен аптада Украинаға қайтарылған үш украин кемесіндегі барлық қару-жарақты, жабдықтар мен құжаттарды қайтаруды сұраған. 

Кремль мен Зеленский кеңсесі таратқан мәлімдемеде 9 желтоқсанда Парижде өтетін "норман төрттігі" саммитінің жайы айтылмаған. Бұған дейін Зеленский саммитте төрт мемлекет басшысы Украина шығысында атысты тоқтату, тұтқындардың оралуы, Донбастағы сайлау және Ресеймен шекарадағы аймақты бақылауға алу мәселесін талқылайды деп айтқан.

Ресей мен Украина арасы 2014 жылы Ресей Қырым түбегін аннексиялап, Украинаның шығысындағы сепаратистерге қолдау көрсеткеннен кейін ушыққан. 2014 жылдың сәуір айынан бері қарулы қақтығыс кезінде 13 мыңнан астам адам көз жұмған.

Украинаның шығысында атыс әлі күнге дейін тоқтаған жоқ. Украинаның әскерилері 25 қарашада Донецк облысының шығысында Украина бақылауындағы Маринка елді мекені маңында үш жасар баласымен серуендеген әйелдің оқтан жараланғанын айтты.

Шілде айында Еуропа Одағы мен Украина ортақ мәлімдеме жасап, 2014 жылдың ақпан айынан бері Ресей әскері Украинаға "агрессия" көрсетіп келеді деп айтқан. Ресей Донбастағы қақтығысқа қатысы жоғын айтады.

Дереккөз: Азаттық радиосы


26 қараша 2019, 09:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.