Қоғамдық көлікке мінген Атырау қаласының 37 жастағы тұрғыны Әнуарбек МЕРАЛИЕВ жағымсыз жағдайға тап болыпты. Жол ақысын төлеу үшін қалтасында 90 теңгесі болмағандықтан оны кондуктор соққыға жыққан.
Оқиға 15 қарашада №2 маршрутта (Привокзальный-Жилгородок-Балықшы) болды. Таңертең Мералиев «Атырау Жарық» маңындағы Чехов аялдамасынан автобусқа отырады.
- Жол жүру картам бар, бірақ сол күні ішінде ақшасы таусылып қалыпты. Мұны кондуктордан білдім, ол қолма-қол ақшамен төлеуді талап етті. Ал менде тек 60 теңгем ғана бар еді. Кондуктор балағаттап, әрі-беріден соң жұдырығын ала жүгірді. Басқа жолаушылар айқайлап, ер адамдар бізді айырып, сөйтіп келесі аялдамадан түсіп қалдым, - дейді Ә.Мералиев.
Ол автобус нөмірін есіне сақтап алмапты. Бастапқыда қызумен ештеңе сезбеген. Кейін басы солқылдап, қабырғалары ауырған. Кешкісін жедел жәрдем шақырған. Облыстық травматология соққының орны ауырып тұрғанын, сынық жоқ екенін айтып, алғашқы көмек көрсеткен.
- Бірақ тұла бойым әлі ауырып жүр, үйден ем алып жатырмын. Дәрігерлер басымды МРТ-ға түсіруге кеңес берді. Оған әзірге ақшам болмай жүр. Ақшам болғанда түсемін.
Ал қалалық полиция басқармасы мен қалалық әкімдіктегілер бұл оқиғаның мән-жайын анықтауға уәде берді.
Фархат ӘБІЛОВ