Сивковтың айтуынша, Түркия АҚШ-қа толығымен тәуелді болмас үшін, қаруландыру жүйесін әртараптандыруға көшті.
АҚШ Түркияға С-400 зенит-зымыран кешендерін жоюға немесе кері қайтаруға кеңес берді. Анкараның қадамы қандай болмақ? Sputnik радиосына сұқбат берген әскери ғылымдар докторы Константин Сивков осы мәселеге қатысты пікірін айтты.
АҚШ мемлекеттік департаментінің жоғары шенді өкілі "Түркия ресейлік С-400 зенит-зымыран кешендерінен құтылуы тиіс" деп мәлімдеген еді.
"Түркия үшін келіссөздер үстеліне оралуға әлі де кеш емес. Бәрі ойдағыдай болуы үшін олар С-400 кешендерін жойып, кері қайтарып немесе қандай да бір жолмен құтылуы керек. Түрік елі мұны жақсы түсініп отыр. Біз олардың әуеге қарсы қорғаныстағы қажеттіліктеріне сай келетін Patriot батареясын сатып алу мүмкіндігіне мүлде шектеу қойған жоқпыз", - деп келтірді шенеуніктің сөзін РИА Новости.
Бұған дейін Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоғанның Вашингтонға сапары барысында АҚШ президенті Дональд Трамп С-400 төңірегіндегі мәселе оң шешімін табатынына үмітті екенін жеткізген болатын.
Ресей зымыран және артиллерия ғылымдары академиясының академигі, РЗАҒА президентінің орынбасары, әскери ғылымдар докторы Константин Сивковтің пікірінше, Вашингтон қысым жасай берсе, Түркиядан мүлде айырылып қалуы мүмкін.
"Түркия АҚШ-қа толығымен тәуелді болып қалмас үшін, қаруландыру жүйесін әртараптандыруға көшті. Түркияның өзі қару-жарақ шығармайды, қолданыстағы неміс танкілері ескіріп қалған, жаңасын бермейді. Түріктер, жалпы алғанда, НАТО-ға да, Еуропаға да сенбейді. Сол себепті әртараптандыру қадамына баруға мәжбүр. Егер АҚШ тарапынан қысым күшейе берсе, НАТО Түркиядан мүлде айырылып қалуы ғажап емес", - деді Сивков.
Оның айтуынша, НАТО мен АҚШ Түркиямен ынтымақтасуға мүдделі. Бұған ол елдің географиялық жағдайы да себеп.
"Түркия АҚШ-қа емес, керісінше, АҚШ Түркияға тәуелді болып отыр. Түркия, қажет болса, Инджирлик пен басқа базалардан АҚШ-ты шығарып жіберіп, НАТО-дан мүлде шығып кетуі де мүмкін. Ал қару-жарақты Ресейден жеткізетін болады. Түркия айтқанға көне қоятын ел емес", - деп атап өтті Сивков.
Ресейдің С-400 зенит-зымыран кешендері Түркияға шілденің ортасында жеткізіле бастады. Осыдан кейін Анкара мен Вашингтон арасында салқындық лебі есті. Ердоғанның айтуынша, С-400 2020 жылдың сәуірінде толығымен іске қосылады. АҚШ Түркиядан бұл мәміледен бас тартып, оның орнына америкалық Patriot кешендерін сатып алуды талап етті. Тіпті, санкциялармен де қорқытты. Бірақ, Анкара райынан қайтпады.
Дереккөз: Sputniknews.kz