21 қарашада қалалық мәслихаттың кезекті сессиясы өтті. Атырау әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Рулана ДОСҚАЛИЕВА бюджеттегі өзгерістер туралы баяндама жасады.
- Үнемдеу нәтижесінде мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша 476 млн теңге алынды, олар білім және әлеуметтік қамту саласына беріледі. Атап айтқанда, педагогтардың жалақысына 352 млн теңге үстеме ақы бөлінеді, - деп хабарлады Досқалиева. – Республикалық бюджеттен Самал ықшамауданындағы 624 орындық мектеп құрылысын жалғастыруға 900 млн теңге, облыстық бюджеттен қоғамдық көлікті субсидиялауға 1 млрд 20 млн теңге бөлінді.
Депутаттар «Тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» (ТҮКҚК) ЖШС қызметі туралы ақпаратты тыңдады. Мынадай бір күлкілі жағдай орын алыпты – «Ескене» орталық жылу пункті қолданыстағы кәріз желісінің үстінен салынған. Депутаттар сессияға шақырылған «Атырау Су Арнасы» КМК директорының орынбасары Виктор СУЩЕНКОДАН (ол өткен жылдың желтоқсанында балықтың жаппай қырылуы туралы іс бойынша айыпталушы, бірақ қамауда емес, басқа жаққа шықпау туралы қолхатпен жүр) мұның мән-жайын сұрады. Ол «Су Арнасы» жылу пунктін салуға келісім бермегенін айтып, қазір бұл аумақтан мектеп құдығымен жалғасатын жерде қорапша жасалғанын, дұрысы кәріз құдығын жылу пункті ішінен салу керек деп қағытып қойды.
Депутаттар комиссиясының төрағасы Қаршыға ЖАУЫМБАЕВ:
- Нұрсаяда «Тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС көппәтерлі 20 үйді өз қазандықтарымен жылытады. Жылу аз беріледі, тұрғындар тоңып отыр, сплит-жүйемен жылынады, балалар ауырып жүр. Ол жерде 17 киловаттық сорғы бар, бірақ қысым жетіспейді. Біз анағұрлым қуатты түрін орнатуды талап еттік. Кәсіпорын жұмысын қанағаттанарлықсыз деп есептеймін, - деді.
Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Құралай ҚҰМАРОВА «Самал» ықшамауданының көшелеріне атау беру және қайталанатын қала көшелерін өзгерту туралы баяндама жасады.
Самалда №1 - Ақжан Машанов, №9 - Сағадат Нұрмағанбетов, №10 – Қара Бура, №15 - Әбіш Кекілбаев, №17 - Әзидолла Есқалиев, №19 – Мүсірәлі Бердіұлы, №20 - Сафи Өтебаев, №27 - Нариман Үлкенбайұлы, №28 - Әбдірашит Сыдыханов көшелеріне атаулар берілді.
Ғабдол Сланов - Кейкі батыр, Халел Досмұхамедұлы - Жұмат Шанин, Мереке - Орбұлақ, Алатау өткелі - Байкент, Алатау көшесі - Үшқара, Махамбет Өтемісұлы - Наурызбай батыр, Гайдар – Жалаңтөс батыр, Жастар – Тұран, Жамбыл - Жанқожа батыр, Нефтяников - Халифа Алтай көшесі болып қайта өзгерді.
Сессияда қалалық мәслихат хатшысы Ринат ЖАҢҒЫЛЫШОВ депутаттық өкілеттігін тоқтататындығын мәлімдеді. Бұрын қалалық «Нұр Отан» партиясы филиалының орынбасары болған Әділбек ЗАЙДУЛЛИН мәслихат хатшысы болып сайланды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суреттерді түсірген автор