Еуроодақ елдері мен Еуропарламент бірігіп, 2020 жылға арналған жаңа бюджетті бекітті. Дегенмен Түркияға көмек бұрынғыдан кеміген. Сол себепті ресми Анкара Сүрияда «Бейбітшілік қайнары» әскери операциясын қайта бастап, елге ағылған босқындар үшін Кәрі Құрлыққа жол ашамыз деп ескерту жасап отыр.
Осыған байланысты ресми мәлімдеме жасаған Түркияның Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу: «Егер біз қажетті нәтижеге қол жеткізбесек, «Бейбітішілік қайнары» операциясын қайта бастаймыз. Басқа амал жоқ. Себебі Ресей мен күрд жасақтары берген уәделерін орындамай келеді. Шекаралас аумақтан келетін террористтік қауіпті қалайда сейілтуіміз керек», — деді. БҰҰ өкілдері таратқан ресми мәлімет бойынша Сирияның солтүстігінде оқ атпау келісімі орнатылғалы өңірде әскери әрекеттер азайған. Бірақ ас-эль-Эйн және Тель-Абядта қақтығыстар әлі болып жатыр. Қаруланған топтардың шабуылы мен әуе соққысынан 49 бейбіт тұрғын көз жұмған. Сирия аумағындағы шиеленістер халықты қажытты. 11 миллион адам көмекке зәру. Еуроодақ бюджетте басымдықты жұмыссыздықпен күреске, климаттың өзгеруіне беріп отыр. Жалпы қаржы 168, 7 млрд еуроны. Өткен жылмен салыстырғанда бұл қаражат 1,5%-ке көп.
Дегенмен Еуроодаққа ұмтылған Түркияға деген көмек 85 миллион еуроға қысқарған. Еуропалық одақтың бюджет бойынша комиссарлары Түркиямен мәселеге қатысты жақ ашпаса да, бөлінген қаржының ЕО елдері үшін тиімді инвестиция болатынын айтып отыр. 2016 жылы Еуропалық одақ пен Түркия ортақ шешімге келген. Арнайы келіссөзге сәйкес, Анкара мигранттардың Еуропа елдеріне қоныс аудармауын қатаң қадағаласа, ЕО Түркияға 6 млрд еуро көлемінде қаржы беруі тиіс болатын. Кейіннен Ердоған одақ тарапынан тек 3 млрд еуроның бөлінгенін мәлімдеді Аталған мәселеге байланысты биыл 6 қыркүйекте Анкара Еуропа елдерінен «логистикалық қолдау» күтетінін айтып, ел президенті: «Егер мигранттарды орналастыруға Еуропа және халықаралық ұйымдардан көмек болмаса, Түркия босқындарды сол жаққа жіберуге мәжбүр. Сүриялық бауырларымызды қауіпсіз орынға көшіру негізгі мақсатымыз саналады. Бізге қолдау көрсетіңіздер», – деген. 9 қазанда Түркия Сүрияның солтүстігінде «Бейбітшілік қайнары» аталатын арнайы операция бастаған.
Түрік авиациясы мен артиллериясы көрші ел аумағындағы күрд жасақтарын соққыға алды. Әскери операцияның мақсаты – лаңкестерге оңтүстік шекарада дәліз құруға жол бермеу. Түркияның бұл әрекетінен кейін Ақ үй басшысы Дональд Трамп Анкараға экономикалық санкция енгізген. Кейіннен ресми Уашингтон тараптардың ортақ келісімге келгенін және санкцияның жойылғанын хабарлады.
Дереккөз: Qazaqtimes.com