Әлеуметтік желілерде мына бір бейнежазба кең таралып кетті: пикап шанағының брезент қалқасының астында иттердің өлекселері жатыр. Ал бейнежазбаға түсіруші енді ғана атып алған итті көлігіне тиеп жатқан ит атушыға наразылығын білдіруде. Бейнежазба авторы - Атырау қаласының тұрғыны Бижамал ҚАРАЖАНОВА екен. Оның айтуынша, сол итті Алмагүлде №2 үйдің жанында балалардың көзінше атқан.
- Мен бұл адамды екінші рет көріп тұрмын. Біріншіде олар итті 2 жасар қызымның көзінше атып тастады. Қызым қатты жылады, жақында ғана екеуміз осы итті тамақтандырған едік, - дейді «АЖ» тілшісімен телефон арқылы сөйлескен Бижамал. – Бұл жазбаны 18 қарашада кешкі алтылар шамасында жұмыстан қайтып келе жатқанда түсірдім. Балалар осы итпен аулада ойнап жүрген. Кенет ит сұлап түсті де, бірнеше секундтай селкілдеп, сол жерде жан тапсырды. Балалар шошынып: «Олар итті өлтірді, итті өлтірді» деп қайталай берді. Мен камераға түсіріп, ол адамдарға ашуланып, ұрыстым. Бірақ олар қыңқ демеді. Бұл иттерді білемін, олардың ешкімге зияны жоқ, ешкімге абалап шапқан емес.
Соңғы кездері Атырауда бұралқы иттерді тез әсер ететін улы найзалары бар пневматикалық винтовкалармен ататын болған.
- Балалар дәл қасында жүрді, соларға тиіп кетуі мүмкін ғой. Айтарға сөзім жоқ! Егер қала тұрғындарынан шағым түссе, алдымен еріктілерге қоңырау шалып, бір тәулік уақыт берулері тиіс. Бізде осындай келісімшарт бар, - дейді Бижамал (өзінің де жануарларды қорғаушыларға қатысы бар) сөзін жалғастырып. – Бірақ жергілікті ит аулаушылар балалардың бар екенін қаперлеріне алмастан, әй-шайға қарамай, атып тастайды.
Бұл жағдайда тағы бір ереже бұзылған: қалай болғанда да, итті таңертең ерте немесе түнде, айналада адам болмаған кезде ғана ату керек. Ал «АЖ»-ға белгілі болғандай, ит аулаушылар атылған иттің санына байланысты (өте жақсы) ақы алады. Олар үшін ереже, «баланың көз жасы» деген не болыпты, тәйірі...
«АЖ» тілшісі қалалық әкімдікпен және Атырау облыстық Полиция басқармасымен хабарласқан еді, ондағылар кейінірек түсініктеме беруге уәде берді.
«18 қарашада сағат 16.00-де «Атырау қалалық ветеринариялық станциясы» КМК-не тұрғындардан қаңғыбас иттерге қатысты шағым түсті. Осыдан кейін қалалық әкімдіктің диспетчерлік бөліміне сұраным жолданып, Алмагүл ықшамауданындағы №34 мектеп жанындағы баққа қаңғыбас иттерді аулау және жою үшін арнайы бригада жіберілді. Бригада сол жерден 2 иттің көзін жойды.
Бұл жұмыстар 2015 жылдың 13 наурызындағы облыстық мәслихаттың №364-V шешіміне сәйкес жүргізілді. Осы шешімге сәйкес, егер ит көшеде немесе қоғамдық жерде иесіз жүрсе, онда тиісті сұраным бойынша ол иесіз болып саналады және тиісті шаралар алынады.
Қаңғыбас иттерді аулау және жою қызметін тендерді жеңіп алған «И.Ю. Сабиров» ЖК ұсынады. Бұралқы иттерді аулау бекітілген кестеге сәйкес сағат 8.00-ден 12.00-ге дейін жүргізіледі, содан кейін жұмыс тек тұрғындардың өтініші бойынша жүзеге асырылады», - делінген Атырау әкімдігінің түсіндірмесінде.
Полиция департаменті «факт бойынша материал ақпараттар есебі кітабына тіркеліп, заңды шаралар алынады» деп хабарлады. Бұдан басқа, «И.Ю. Сабиров» ЖК-нің екі қызметкеріне балалардың көзінше жануарларды аулауға және атуға жол берілмейтіндігі туралы түсіндірілген.
Айтпақшы, осындай оқиға 2017 жылы Шымкентте де болды. Ол жерде балалардың көзінше бұралқы иттерді атып, бұл туралы әлеуметтік желілерде жарияланған болатын. «Балалардың психикасын бұзбас үшін ешқашан олардың көзінше итті атуға болмайды, - деп жауап берген еді сол кезде Шымкент қалалық ветеринария бөлімінің басшысы. – Бригада қызметкерлері жазаланып, оларға сөгіс жарияланды».
Фархат ӘБІЛОВ
Бейнежазбаны түсірген Бижамал ҚАРАЖАНОВА