Құлсары қаласындағы орталық Махамбет даңғылында үш ай бұрын басталған жолды орта дәрежеде жөндеу жұмыстары көлік қозғалысына кедергі келтіріп жатыр. Тұрғындардың айтуынша, желтоқсанның ортасында қолданысқа берілуі тиіс жолдың жартысы да жасалмаған.
- Әсіресе қауырт шақта құрылыс жұмыстарына байланысты жиі кептеліске ұшыраймыз. Барар жерімізге едәуір кешігіп жетіп жатамыз, автобустарды сағаттап күтеміз. Мына суықта бұл адамдарға қиын тиіп жатыр. Тіпті жаяу жүргінші жолдарын басып өтуге тура келуде,- дейді құлсарылықтар.
Қаланың орталық көшесіндегі 2,5 км жолды жөндеуден өткізу үшін Жылыой аудандық ТКШ бөлімі конкурсқа 281 млн теңгенің жұмысын салып, 200 млн теңге ұсынған «Жаңа түбек» ЖШС ұтып алған. Келісімшартта көрсетілгендей, орта дәрежелі жол жөндеу жұмысы 13 тамызда басталып, 13 желтоқсанда аяқталуы қажет еді. Жұмыс басталарда «Жаңа түбек» ЖШС-нің директоры Бекнияз ШӘМБІЛ жұмысты қазан айының аяғында бітіреміз деп сенімді түрде мәлімдеген болатын. Мердігер жөнделуге тиісті жолды қырып, бордюрлерді түгелдей алып тастады. Бірақ бұдан кейін жұмыстар баяулай берді.
- Жұмыс жүріп жатыр. Біз қарап отырғанымыз жоқ. Ауа райының ашық күнін тиімді пайдаланып қалуға тырысамыз, - дейді құрылысшылар. Бірақ ЖШС директорымен кездесудің сәті түспеді, ұялы телефонын да көтермеді.
Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Қаһарман БАҒЫНОВ:
- «Жаңа түбек» ЖШС бөлінген қаржының 81 млн теңгесін үнемдеу арқылы жұмысты аяқтаймын деп конкурс жеңімпазы болды. Өкінішке қарай, ЖШС өз жұмысын дұрыс ұйымдастыра алмады, техникасы жоқ, жалдамалы жұмыс қолы жеткіліксіз. Біз бірнеше рет хат та жаздық. Қазір 2,5 км жолдың 1,4 км жөндеуден өтті. Сонымен қатар осы уақытқа дейін салынған жолдың сапасына да күмәніміз бар. Сол себептен сараптамаға жіберіп отырмыз. Егер ауа райы күрт суытса, жұмысты тоқтатуымыз мүмкін. Ал жол төсеу ісі келесі жылы жалғасын табады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор