Атырау, 23 қараша 23:02
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Атырау - мейірімді қала

Сурет
2 853 просмотра


Атыраудағы сауда-ойын сауық орталықтарының бірінде екі күндік «Мейірімді қала» фотокөрмесі өтті. Көрмеге келушілер панасыз жануарлардың жай-күйімен танысып, қалауларынша оларға көмектесіп, қамқорлық жасады.

Қаңғыбас жануарларға қатысты мәселелермен айналысатын «Мейірімді жүрек» еріктілер тобы Атырауда төрт жылдан бері жұмыс істейді. Олар базаны жалға алып, арнайы орындар салып, бейресми панажай жұмысын ұйымдастырды. Бастапқыда ол жерде 4 ит болса, қазір 150 ит пен 50 мысық мекендейді. Тұрғындар бұған үйренген, бұралқы жануарларды көрсе, қайда қоңырау шалу керектігін жақсы біледі. Осы төрт жыл ішінде еріктілер 200-ге жуық итті құтқарып қалған. Олардың арасында көлік қаққан, жараланған, ит атушылардың оғынан аман қалған иттер бар. Бұлардың жартысын мейірімді жандарға табыс етудің сәті түскен.

Топтың ерекшелігі - еріктілер панасыз жануарларға көмектесіп қана қоймай, бұл іске қала тұрғындары мен әкімдіктерді тарта отырып, өзгелердің де жануарларға деген сүйіспеншілігін оятуға тырысады.

Биыл Атырау панасыз жануарларды ұрықсыздандыру бойынша пилотты жобаны іске қосқан еліміздегі алғашқы және әзірге бірден-бір қала болды. Қала бұған 5 млн теңге бөлді. Бүгінде көшелерден сары бирка таққан иттер мен құлақтары үшбұрышты етіп тілінген мысықтарды көруге болады. Бұл олардың ұрықсыздандырылғанын білдіреді. Енді қала тұрғындары жануарларға оп-оңай көмектесе алады. Қалаған адам тамақ сатып алып, оны көшелерде орнатылған арнайы үйшіктерге қалдыра алады.

Жақында «Мейірімді жүрекке» 500 орындық толыққанды панажай салу үшін 16 сотық жер бөлінді. Тек бұл жер телімін мемлекеттен 6 693 120 теңгеге сатып алу қажет. Әзірленген эскизге сәйкес, аумақта тормен қоршалған орындар, жануарларды тексеріп, операция жасауға арналған 2 медицина кабинетімен жарақталған үлкен орынжай, асүй және күзеті бар бақылау-өткізу пункті орналасады. Жобалаушылардың есептеулері бойынша, панажайды салуға 30-35 млн теңге қажет. Бұл туралы еріктілер көрмеге келушілерге құлағдар етті.

Екі күн ішінде жануарларға азық алуға және емдеуге 200 мыңдай теңге жиналып, 4 күшік пен 2 мысық жаңа қожайындарын тапты.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суреттерді түсірген автор

18 қараша 2019, 21:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.