Қыс та жақындап қалды. Демек, көліктің де «аяқ киімін» - жазғы доңғалақты қысқы түріне ауыстыратын кез келді. Әйтпесе, 1 желтоқсаннан кейін айыппұл салына бастайды.
- Қысқы маусымда (желтоқсан, қаңтар, ақпан) төрт доңғалағы қысқы түрімен жабдықталмаған көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынады, - дейді Атырау ҚПБ басшысының орынбасары Ерлан БИҒАМБАЕВ. – Ереже бұзушылық үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 5-тармағы (Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша - 5 АЕК, ал қайталанса - 20 АЕК көлемінде айыппұл салынатын жауапкершілік қарастырылған.
Кеден одағының техникалық регламенттері жазғы доңғалақтарды қыста қолдануға, тиісінше, тікенекті доңғалақтарды жазда пайдалануға тыйым салады. Бұдан басқа, доңғалақ протекторының қалдық тереңдігіне шектеулер енгізілген: жазғы шиналарда протектор биіктігі кемінде 1,6 мм, қыста - кем дегенде 4 мм болуы керек. Доңғалақты үш тау шыңы түріндегі және ішінде қар бүршігі бар белгі, «M+S», «M & S» және «M S» белгілері болуы керек.
Атырау облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, өткен жылы 3738 жүргізушіге, ал осы жыл басынан бері – 4168 жүргізушіге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабы 5-бөлімі бойынша айыппұл салынған. Олардың арасында «бұрыс» дөңгелектермен қатар, басқа да техникалық регламент талаптары бұзылған, атап айтқанда, қосымша жабдықтар заңсыз орнатылған.
- Қыста жүргізушілер көліктер арасындағы қашықтық пен бүйірлік аралықты сақтау қажет екенін ұмытпауы керек. Жолда қиын жағдайға тап болған жол қозғалысына қатысушылар тәулік бойы полицияға көмекке жүгіне алады. Қызметкерлер барлық көмек түрін көрсетуге тырысады, - дейді Биғамбаев.
«AЖ» «Қазгидромет» РМК Атырау филиалы бөлімінің бастығы Айна ҚАЗҒҰЛОВА хабарлағандай, осы аптада өңірімізге суық түседі, сондықтан доңғалақты ауыстыру ереже үшін ғана емес, өзіңіз үшін де қажет - көктайғақта жол жүру қауіпсіз болады.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор