Атырауда Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Әбіш КЕКІЛБАЕВТЫҢ 80 жылдығына арналған мәдени шаралар өтті.
Әбіш күндері 14 қарашада салтанат сарайында «Әбіш Кекілбаев - замана заңғары, сөз зергері» республикалық ғылыми-практикалық конференциямен басталды. Республикалық ғылыми-практикалық конференцияға белгілі профессорлар, қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен журналистер Әбіш Кекілбаевтың қазақ әдебиеті мен руханиятының дамуына қосқан зор үлесі мен шығармашылығы туралы айтты.
- Мен өмірде жолым болған адаммын, өйткені, Әбіштей заңғар тұлғаны жеке таныдым. Оның бірнеше шығармасын жолдасым екеуміз мажар тіліне аударғанбыз. Ол өз заманының озық жазушысы бола білді, - дейді Будапешттегі қазақ диаспорасының төрағасы Оңайша МАНДОКИ.
Мәдени шаралар сол күні түстен кейін Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда «Алаштың айбоз Әбіші» атты республикалық жыр мүшәйрасымен жалғасты. Оған еліміздің әр түкпірінен 180 ақын өлеңдерін жолдаған. Ақындардың өнеріне Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ бастаған ақын жазушылар қазылық етті.
Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік ШӘПКЕНОВ мүшайраның бас жүлдесі мен 800 мың теңге сыйлығын жүзден жүйрік шыққан алматылық ақын Бекзат СМАДИЯРҒА табыс етті. Жүлделі бірінші орынға (600 мың теңге) елордадан келген Олжас ҚАСЫМ ие болса, екінші орын (400 мың теңге) тараздық Табиғат АБАИЛДАЕВ пен алматылық Ерлан ЖҮНІСКЕ, үшінші орын (әрқайсысы 300 мың теңгеден) павлодарлық Жоламан ӘЙТКЕН мен ШҚО келген Әскерхан АҚТАЙҒА бұйырды. Ал, Әбіш атындағы арнайы жүлдемен оралдық Бауыржан ХАЛИОЛА марапатталса, атыраулық Ұлмекен ШӘУКЕНОВА Фариза Оңғарсынова атындағы арнайы жүлдеге ие болды.
Мәдени шаралар легі келесі күні Х.Досмұхамедов атындағы АМУ-де «Әбіш оқулары-2019» облыстық көркемсөз байқауымен жалғасып, түстен кейін Ғ.Сланов атындағы облыстық әмбебап кітапанасында «Парасат биігінде» атты Әбіш Кекілбаев шығармалары жинағының тұсаукесері ұйымдастырылды. Атыраудағы Әбіш күндері Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында «Кемел ойдың кемеңгері» атты әдеби-музыкалық қойылыммен қорытындыланды.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттерді және бейнежазбаны түсірген автор