Атырау қалалық №2 сотында өткен жылдың желтоқсанында Жайықтағы балықтың жаппай қырылу фактісі бойынша басталған сот процесі жалғасуда. Кезекті отырыс үш апталық үзілістен кейін болса да, қорғанушы тарап оған дайындалып үлгермеген екен. Ал ашуланған судья айыптаушы тарап өкіліне шүйлікті.
Судья Дәуренбек ДАУМОВ:
- Сот отырысының басталуына бес минут қалғанда адвокат Оразовтан отырысқа қатыса алмайтындығы жөнінде хабарлама түсті. Біз бұл отырысты алдын ала, екі апта бұрын белгіледік. Неліктен адвокат Оразов өзінің жұмыс кестесін реттемейді? Біздің жұмысымыздың жауапкершілігі мен маңызы төмен болғаны ма? Бұдан басқа, тараптарға соттың мүліктік залалды өтеуге қатысты шығарған қаулысына апелляциялық шағым түскенін хабарлағым келеді.
Еске салсақ, 21 қазанда сот жәбірленуші өкілдерінің мүліктік залалды - Атырау орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы талап еткен 13 млн 924 мың 12 теңге 5 тиын; «Жайық-Атырау бекіре зауыты» РМҚК-ға тиген зиян 429 млн 438 мың 540 теңге 24 тиын; «Луговской жылқы зауыты» ЖШС шығыны - 1 млрд 499 млн 214 мың 231 теңгені өтеу жөніндегі азаматтық талап арыздарын іске жалғау туралы қаулы шығарған болатын. Сонымен қатар, сотталушыларды ("Атырау Су Арнасының" бұрынғы директоры Руслан ҚҰРМЕТОВ, оның орынбасары Виктор СУЩЕНКО және су тазарту станциясының бастығы Михаил ЧУРСИН), олардың жұмыс берушісі «Атырау Су Арнасы» КМК-ны азаматтық жауапкер ретінде тану туралы қаулы шығарды. Судья прокурорды 10 күн ішінде кінәлі тұлғалардың мүліктері есебінен келтірілген мүліктік залалды өтеу үшін заңда белгіленген шараларды алуға міндеттеді.
Д.Даумов: Егер білмейтін болсаңыздар, бұлтартпау шарасын өзгерту туралы қаулыдан басқа сот қаулысы жеке шағымдануға жатпайтындығын хабарлағым келеді. Прокурор Жақсылық СИКИМОВ, нақтылауыңызды өтінемін, міне, қаулы бар, ол заңды ма, заңсыз ба, негізді ме, негізсіз бе, маңызды емес - қаулы талаптары қатаң орындалуы тиіс. Сіз мұнымен келісесіз бе?
Ж.Сикимов: Иә, келісемін.
Д.Даумов: Сіз сот актілерінің орындалуын қамтамасыз ететін қадағалаушы органсыз. Сондықтан, сізге сотталушылардың және олардың жұмыс берушісінің жылжымалы және жылжымайтын мүліктеріне, сондай-ақ екінші деңгейдегі банк шоттарындағы ақшалай қаражатына тыйым салу міндеттелді. Ол үшін он күн берілді. Сот қаулысы орындалды ма?
Сикимов: Жоқ, құрметті сот мырза.
Даумов: Неліктен?
Сикимов: Сотқа апелляциялық шағым жолданды…
Даумов: Мен ақшалай қаражатқа тыйым салуға қатысты апелляциялық шағыммен таныстым. Оның заңдылығына әзірге төрелік айтпаймын. Бірақ қаулыда соттың басқа да талабы бар – ақшалай қаражаттан бөлек, «Атырау Су Арнасы» мекемесіне ғана емес, сотталушылардың жылжымалы және жылжымайтын мүлкіне де тыйым салу талабы бар. Бұл орындалды ма?
Ж.Сикимов: Бұл да орындалған жоқ.
Д.Даумов: Неге орындамайсыз? Сіз оны орындауға міндеттісіз. Бұл сіздің тарапыңыздан жасалып отырған өрескел заң бұзушылық! Сіздер жауапкершіліктен қорқасыздар, бүкіл лас жұмысты сіздер үшін сот жасайды, сіздер соған үйренгенсіздер.
Жалпы, осы сот отырысында алғашқы сот талқылауының аудиожазбаларына негізделген қорғанушы тараптың өтініші айтылуы тиіс еді. Алайда қорғанушы тарапқа аудиожазба тек 8 қарашада ұсынылған.
В.Сущенко: Біз оларды әлі тыңдап үлгермедік. Оның үстіне, адвокат Оразов та жол жүріп кеткен еді.
Д.Даумов: Адвокат Оразовтың кінәсінен сот отырысын жалғастыра алмаймыз. Осыған байланысты сот отырысты 3 желтоқсанға шегеруге мәжбүр.
Анастасия АЛЮШИНА
Суретті түсірген автор