6 қарашаға қараған түні Индер ауданы Көктоғай ауылында белгісіз жағдайда ауылдың әр шетінде орналасқан 7 үйдің қорасы мен қыстық шөптері өртенгені туралы «АЖ» жазған болатын. Сол кезде полиция қызметкерлері өрттің таралуына қатты жел әсер еткенін, қасақана өртеу мүмкін емес деп пікір айтқан. Алайда көктоғайлықтар мұнымен мүлдем келіспейді және осы себеппен ауыл мәдениет үйіне жиналып, әкім мен аудандық полиция басшыларына сауалдарын қойды.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, өрт Нысанбаев және Тәуелсіздік көшелерінің үш жерінде болған. Өртенген қоралар бір-бірінен жарты шақырым қашықта орналасқан.
- Сол күні жел баяу болды, өрттің өздігінен жалғасып кететіндей негізі жоқ еді. Рас, аула-қорамыз тығыз орналасқан. Ал мына өртті қасақана жасалған деуге толық негіз бар, егер оқыс болған өрт болса, бір жерден басталар еді. Бұл үш жерде болып отыр ғой,- дейді ауыл ақсақалы Хамидолла АСАНОВ. – Сонымен қатар, қора маңында өрт шығатындай газ, ток жүйесі жоқ. Жеті үйдің аула-қорасы кетті, ал сегінші үйдің адамдары ояу болып, отты уақытында өшірген. Өрт беймезгіл уақытта жасалып отыр, менің аула-қорамнан бөлек 35 орам шөбім жанып кетті. Осы жердегі қорамыз қатарласа орналасқан 4 үйдің шөбінен түк қалмады.
Жиынға келген ауыл тұрғындары өртті қоюшы алыстан келмегендігін, есірткі шегуші немесе жүйке ауытқуы бар адам жасауы мүмкін екендігін, осыған орай құқық қорғау орган қызметкерлері мұны назарда ұстауы қажеттігін баса айтты.
Жиынға қатысқан аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Ерғанат ТЕМІРХАНОВ өрттің шығу себебін анықтайтын сараптама он күн ішінде дайын болтынын, осыған орай қылмыстық іс көтерілетінін ғана мәлімдеді. Бүгінде полиция тұрғындардан түсініктеме алумен шектеліп отыр. Жиында зардап шеккендерге қаржы жинау, мал азығын әкеліп беру мәселесі де талқыланды. Әзірге қора салуға орман шаруашылығы ағашпен көмектесуге уәде берді.
Тұрғындар бас қосуынан кейін оқиға болған жерге барып, өртенген қора иелерімен сөйлестім.
- Түнгі үштен кете біреу терезе ұрып, ауланың өртеніп жатқанын айтты. Шыға шаптық, бірақ қызыл жалынды ауыздықтау мүмкін емес еді. Көршіміздің аула-қорасы бірге жанып жатты. Ауыл адамдары жұмыла су тасып, аудан мен ауылдан өрт сөндірушілер келсе де, отты ауыздықтау мүмкін болмады, - дейді Роза ЕРМЕКОВА.
- Ұлым осы жақын жерден үй тұрғызып жатқан. Соның қорада жинап қойған 1 млн теңгеге алынған құрылыс материалдары күл болып қалды. Өзім көп балалы анамын, күйеуім ІІ топтағы мүгедек, - деп мұңаяды Қанжан БАЛМАҒАМБЕТОВА.
Ауыл тұрғындары Ғабиден ҒАБДУЛИИННІҢ 40, Дариға КАУКИЛОВАНЫҢ 20 орам шөбі өртенген... Арада уақыт өтсе де, ауыл адамдары әлі аула-қора жақты қадағалап, түн ұйқысын төрт бөліп отырған жайы бар.
- Біз полициямен келісіп, ауыл адамдарымен бірге түнгі кезекшілікті ұйымдастырмақпыз. Бұл оқиғаның алдын алмаса болмайды,- Көктоғай ауылдық округінің әкімі Мәмбетқали ҚҰСАЙЫНОВ. - Зардап шеккендерге де көмек ұйымдастырамыз. Қыс жақындап қалды, ертерек жұмылмасақ болмайды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор