5 қарашада «Қараөзек» бақылау-өткізу бекетінде ресейлік шекарашылар Ресей Федерациясынан Атырау облысына жөнелтілген сиыр етінің майын кері қайтарды. Жүктің тиісті ветеринариялық құжаттары болмаған.
- Бұл - ЕАЭО кедендік аумағында тауарларды өткізу кезінде ветеринариялық бақылау тәртібін бұзу болғандықтан өнімді жүк жөнелтушіге қайтару туралы шешім қабылданды. Тасымалдаушыға мал өнімдерін Кеден одағының аумағы бойынша өткізу тәртібі туралы түсіндірілді, - деп хабарлады «Россельхознадзордың» (Ресейдің Федералдық ветеринариялық және фитосанитарлық қадағалау қызметі) Ростов, Волгоград, Астрахан облыстары және Қалмақия Республикасы бойынша басқармасы.
Заңды рәсімделмеген өнімдер кері бағытқа да кетіп жатыр. «Россельхознадзор» басқармасының хабарлауынша, қазан айында Ресей шекарашылары «Қараөзек» арқылы Ресей Федерациясына 78 тонна бұршақ пен кептірілген өрік (өнім таңбаланбаған), 20 тонна қауын (сертификатының мерзімі өткен) және 18 тонна жуылған қой жүнін (ветеринариялық сертификатсыз) Ресей Федерациясына заңсыз өткізу әрекетінің алдын алды. Осы жүктердің барлығы жіберушілерге қайтарылды.
Фархат ӘБІЛОВ