ЖҮЗУ
Атырау құрамасы «Ақтөбе үміттері» республикалық турниріне қатысты. Жарысқа Қазақстанның 11 облысынан 500-ге жуық жүзгіштер қатысты. Атырау командасы 10 алқа алып қайтты.
Әлихан Құтлымұрат 100 метрлік қашықтықта баттерфляй стилінде және 200 метрлік қашықтықта кешенді жүзу бойынша үздік атанды. 100 метрлік қашықтықта еркін стильде және арқамен жүзу бойынша Әдия Әубекерова күміс алқа алды. 50 метрлік қашықтықта кеудемен жүзу бойынша Ника Горбунова қола алқа, 50 метрлік қашықтықта баттерфляй стилінде Әкежан Баямиров пен Артем Щёлоков та осындай нәтиже көрсетті. Команданы бапкерлер И.Галькин мен Е.Гауцель дайындады.
ГРЭППЛИНГ
Атырау әуежайында спортсүйер қауым грэпплинг бойынша өткен әлем чемпионатында «No-Gi» санатында Қазақстанның жастар құрамасында жетістікке жеткен атыраулық спортшыларды салтанатты түрде қарсы алды.
Бакуде ардагерлер, жасөспірімдер және кадеттер арасында грэпплингтен әлем чемпионаты (UWW нұсқасы) өткен еді. Бапкер Акар Исағалиев бастаған Атырау командасы бүкіл алқаны жеңіп алды. 16-17 жас аралығында 50 келіге дейінгі салмақта Фархат Ниетов әлем чемпионы атанды, 14-15 жас аралығында 66 келіге дейінгі салмақта Әділет Сәрсенбек финалға дейін жетіп, күміс алқа жеңіп алды. 47 келіге дейінгі салмақта Денихан Зубариев қола жүлдеге ие болды.
САМБО
Атыраулық спортшы Серікжан Түсіпов Сеулде өткен әлем чемпионатында күміс алқа иеленді.
80 елдің өкілі қатысқан турнирде Серікжан Мексика мен Моңғолия өкілдерін жеңіп, шешуші шайқаста Ресейден келген қарсыласынан жеңіліп қалды.
ҚАЗАҚ КҮРЕСІ
Нұр-Сұлтанда жасөспірімдер арасында «Жас барыс» республикалық турнирі өтті. Атыраулық қатысушылар арасында Қайсар Табылды (65 келіге дейін) күміс алқаға, Нұржан Сәрсенғалиев (46 келіге дейін) қола жүлдеге ие болды.
Палуандарды бапкерлер М. Лайбаев пен А.Шапай дайындады.
ГРЕК-РИМ КҮРЕСІ
Петропавлда республикалық турнир өтіп, атыраулық спортшылар Шыңғыс Исаханов пен Бекзат Жолдасов қола алқа жеңіп алды.
Екеуі де бапкер Ербол Тілеповтің шәкірттері.
ДЗЮДО
Ресейдің Чебоксары қаласында дзюдодан қыздар арасында халықаралық турнир өтті.
Атыраулық Дәмелі Асылханова, Жаңылсын Мұхатова, Зере Өтепқали, Қатима Базарқызы және Кәусар Тілекбай осы жарыстардың жеңімпаздары атанды. Оларды бапкерлер Б.Жұмабаев, Д.Жақсиев және Қ.Тайжанова дайындады.
* * * * *
Бакуде өткен халықаралық турнирде №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің екі шәкірті өнер көрсетіп, екеуі де жүлдегер атанды.
Олжас Құмар (55 кг дейін) күміс алқа, Мақсат Әбдірахман (60 кг дейін) – қола алқа алды.
* * * * *
Ақтауда 2003-08 жылғы жасөспірімдер арасында Б.Ақшабаевты еске алуға арналған халықаралық турнир өтті. Дүбірлі додаға Әзірбайжан, Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстаннан 600-ден астам спортшы қатысты.
Атыраулық спортшылар 2 алтын және 4 қола алқа жеңіп алды. Өз салмақ дәрежелері бойынша Әбіш Пердәлі мен Сәт Фархат жеңіс тұғырынан көрінсе, Әділхан Амангелді, Айбар Жұмабай, Сәкен Мералиев және Сұлтан Оңғарбаев қола жүлдегерлер атанды.
* * * * *
Аққыстау ауылында Исатай Таймановты еске алуға арналған республикалық жасөспірімдер турнирі өтті. №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің командасы 3 алтын, 4 күміс және 8 қола алқа жеңіп алды.
Өз салмақ дәрежесінде Аманжан Олжабай, Әлтайыр Жанұзақ және Зере Өтепқали жеңімпаз атанса, Рамазан Қадырберген, Еркебұлан Сапар, Батырлан Амангелдиев және Нұрбол Батырғали күміс алқаға, Саян Тайжан, Ерік Азамат, Марат Нұрғали, Құрмет Жакиев, Шахшахон Багыров, Мұстафа Айтпай, Жаңылсын Мұхатова және Батырғали Серікқали қола алқаға қол жеткізді.
ТАЭКВОНДО
Нұр-Сұлтан қаласында таэквондо GTF бойынша ел біріншілігі өтті. Облыстың бас жаттықтырушысы Берік Әлжанов бастаған Атырау құрамасы қоржындарына 3 алтын, 3 күміс және 7 қола алқа салды.
Айта кету керек, құраманың бүкіл алтын алқасы «массоги» бөлімінде, яғни, жекпе-жекте алынды. Арлан Ерлан, Аманбек Нариман және Даяна Әділхан чемпион болды. Алмаз Бекбауов пен Әмірхан Мұраттың еншісіне күміс жүлде тиді. Жадыра Әмір, А. Мұрат, Даниял Қуаныш, Захар Пак, Д.Әділхан, Мейіржан Әділхан және Ерасыл Ерлан қола алқаны місе тұтты.
БАСКЕТБОЛ
Қостанай облысының Лисаковск қаласында 2006 жылғы жасөспірімдер арасында кезекті Қазақстан чемпионаты өтті. Турнирге Атыраудан екі команда - №1 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі (Авангард ы/а) және «Атырау барыстары» академиясының шәкірттерінен құралған облыс құрамасы қатысты.
Екі команда топтан шығып, финалда кездесті. Онда «құрама» мықтылық танытып, 57:49 есебімен жеңіске жетіп, ел чемпионы атанды. Атырау облысының құрамасын әкелі-балалы Амантай мен Саламат Торғаевтар дайындады. Амантай Торғаевтың 2005 және 2006 жылғы шәкірттері осы жылы 5 рет Қазақстан чемпионаттарының жеңімпазы атанды.
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ