12 қарашада өткен облыстық мәслихаттың сессиясында экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айдар НҰРАЛИЕВ облыс бюджетіндегі өзгерістер туралы баяндама жасады. Атап айтқанда, ол 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биыл жыл соңына қарай сыртқы сауда айналымының 13 пайызға төмендеген. Себебі де айтылды: өңірімізден шығатын экспорттың басым бөлігін - 92 пайызын - мұнай мен газ құрайды, ал биыл ірі жер қойнауын пайдаланушылар ұзақ уақыт жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тұрған.
- 2019 жылға облыс бюджеті 335,9 млрд теңге көлемінде жоспарланған. Мұның 1 қарашадағы көрсеткіш бойынша 78,9 пайызы орындалған. Салықтар бойынша «Теңізшевройл» компаниясынан 560 млн теңге түсім жоспарлануда, бұл қаражат Арыс қаласындағы төтенше жағдайларды жоюға бағытталады, - деді А. Нұралиев.
Жалпы бастапқы бюджет сомасы біршама қысқарады, бұған бірінші кезекте мемлекеттік сатып алу рәсімінде үнемдеу себепші болды. Мысалы, «Азаматтық орталық» КМК кеңсесі үшін ғимарат сатып алуға конкурс өткізілмегендіктен 200 млн теңге үнемделді; 187 млн теңгеге брандвахта сатып алу кейінгі жылға қалдырылды - сатушыға жарты жыл ішінде кемшіліктерді жою үшін ұйғарым берілді; Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы үшін 119 млн теңгеге материалдар сатып алу жөніндегі тендер тоқтатылды, себебі екі ретте де қатысуға ниет білдірушілер болмады; ЖСҚ-дағы кемшіліктердің салдарынан жалпы сомасы 660 млн теңге болатын бірнеше жобаны іске асыру кейінге қалдырылды.
Махамбет ауданындағы «Алға-Егіз» каналын күрделі жөндеу бастапқыда 618 млн теңгеге бағаланды, бірақ сараптамадан кейін жоба құны 229 млн теңгеге дейін төмендетілді. Осындай себеппен Сарыөзек каналының күрделі жөндеу жұмыстарының құны 248 млн теңгеге кемітілді. Кезекте тұрған мүгедек балалары бар, көп балалы және толық емес отбасыларға тұрғын үй сертификаттарын беру үшін бюджетте 1 млрд теңге салынған, бірақ көбінің құжаттары толық жинақталмағандықтан, бұл соманың 450 млн теңгесі бюджетке кері қайтарылды.
Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала Елі» орталығының құрылысына Атырау облысының бюджетінен 1 млрд теңге бөлінді, бірақ оның жартысы ЖСҚ дайын болмауына байланысты қайтарылды. Облыстық көлік және автомобиль жолдары басқармасының бюджеті 1,9 млрд-қа қысқарды.
Жалпы білім беретін мектептерді күрделі жөндеуге және ағымдағы шығындарына бюджеттен 1 млрд теңге, Махамбет ауданы Махамбет ауылындағы жаңа құрылыс массивін газдендіруге - 255 млн теңге, Ішкі саясат басқармасына - 157 млн теңге, Махамбет ауданындағы учаскелік полиция қосындарына үй-жай сатып алуға - 105 млн теңге, мал ауруларының алдын алуға - 77,6 млн теңге, «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатысушыларға көтерме ақы төлеуге - 60 млн теңге, Исатай және Құрманғазы аудандарында орналасқан 4 шекара заставасындағы электр трансформаторларын монтаждауға 10,9 млн теңге бөлінді.
Атырау облысы Мемлекеттік еңбек инспекциясының басшысы Игілік ӘУБӘКІРОВТЫҢ сөйлеген сөзінен:
-Атырауға келген сапары барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті және шетелдік мамандардың бірдей жұмысы үшін еңбекақыдағы айырмашылығын анықтауды тапсырды. Бүгінгі таңда 42 шетелдік компания тексерілді, жалақы бойынша 109 табыс кемсітушілік фактісі анықталды. Мысалы, жергілікті супервайзер 769 мың теңге алған болса, оның шетелдік әріптесіне сол жұмыс үшін 4 есе көп төленген. Анықталған құқықбұзушылықтар бойынша 271 әкімшілік іс қозғалды. Қазір 6 кәсіпорында тексеру жалғасуда.
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ