Украина Ресейде "Хизб ут-Тахрир" ұйымын құрды және оның ісіне араласты деп айыпталып, сотталған Қырым татар белсенділерінің ісіне қатысты деректі Гаага сотына жіберді. Киев бұл белсенділерді заңсыз соттады деп есептейді. Ресейдің жоғарғы соты 2003 жылы "Хизб ут-Тахрир" ұйымын террористік ұйымдар қатарына енгізген.
12 қарашада Дондағы-Ростов соты Мәскеу аннексиялап алған Қырымның алты тұрғынын 7-19 жыл аралығында бас бостандығынан айырған. Оларға "террористік ұйым құрды" және "оның ісіне араласты" деген айып тағылды. Белсенділер бұл айыпты жоққа шығарып, өздерін діни және этникалық себеппен қуғындады деп айтқан.
Украинаның СІМ сотталушыларды шұғыл босатуға шақырды. Amnesty International құқық қорғау ұйымы үкімнің "саясиланғанын" айтты, "Мемориал" құқық қорғау қозғалысы оларды "саяси тұтқындар" деп таныды.
Ресей 2014 жылы Қырым түбегін аннексиялап алғаннан кейін "Хизб ут-Тахрир" ұйымына қатысы бар" делінген 50-ден астам Қырым татар белсендісі ұсталған.
Дереккөз: Азаттық радиосы