Атырау, 29 наурыз 00:42
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Атырауда Фариза шығармашылығына арналған эстафета басталды

3 623 просмотра

Атырауда поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың туғанына 80 жыл толуына орай мектеп оқушылары арасында ақынның шығармаларын насихаттауға арналған акция басталды. Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары қолға алған бұл жобаға облыс орталығындағы мектептер де қатысуда. 

Аталған акция зияткерлік оқу орынында «Үздік фаризатанушы» оқушылар байқауымен басталды. Бірнеше кезеңдерде өткен әдеби-танымдық сайысқа мектептің 8 оқушысы қатысты. Алдымен олар ақынға арнауын оқып, кейін Фариза шығармашылығына негізделген ғылыми еңбектерін қорғады. Ал шешуші кезеңде әр қатысушы мектеп шаңырақтарының қолдауымен поэзия падишасының өнердегі және өмірдегі сәттерінен сахналық қойылымдарды ұсынды.

- Фариза мұрасын насихаттауға арналған шараға оқушылар жақсы дайындықпен келген. Олар сөз өнерінің қасиетін, ақынның болмысына тән шығармашылық сипаттың мәнін анық ұғынып тұр, - дейді өнерлі жастардың дайындығын бағалауға келген халықаралық «Шабыт» фестивалінің бас жүлдегері, әділ-қазылар алқасының мүшесі, ақын Бақытгүл Бабаш.

«Үздік фаризатанушы» байқауында зияткерлердің сахнадағы өнерін Махамбет Өтемісұлы атындағы академиялық облыстық қазақ драма театрының әртісі Әзілхан Серікбайұлы да бағалауға келді. Театр маманы балалардың сахна мәдениеті, жалпы өнерге деген қабілеттерінің жоғары екенін айтады. Ал Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері, педагог Ақмарал Қаменова қазіргі буынның Фариза шығармашылығына сұранысы артып келе жатқандығына дән риза.

«Үздік фаризатанушы» байқауының қорытындысы бойынша үздік көрінген қатысушылар арнайы дипломдармен марапатталды. Ал ақынның 80 жылдығын тойлауға бағытталған әдеби шараны әрі қарай жалғастыру қала мектептерінің еншісіне бұйырды. Бұл күні шараны тамашалауға келген жалпы білім беретін мектептердің өкілдеріне байқаудың шарттары мен ережелері табысталды. Осылайша Нарын топырағынан шыққан алты алашқа әйгілі қазақ қызының шығармашылығына арналған әдеби эстафета ақынның туған күнінде, яғни 5 желтоқсанда, Назарбаев Зияткерлік мектебінде қорытындыланатын болды.

Ануар ЖАМАНҚҰЛОВ

12 қараша 2019, 13:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.