Түркия Сирияда қолға түскен, "Ислам мемлекеті" террор ұйымының мүшесі болуы мүмкін шетел азаматтарын депортациялауға кірісті.
Түркия сыртқы істер министрлігі АҚШ азаматының депортацияланғанын, 14 қарашада Германияның жеті азаматын депортациялайтынын хабарлады. Францияның 11 азаматы мен Ирландия мен Дания азаматтарын депортациялауға дайындық жүріп жатыр. Олар қай елдің азаматы болса, сол елге депортацияланады. Еуропа мемлекеттерінің реакциясы әзірге белгісіз.
Түркия президенті Режеп Ердоған Сирияның солтүстігінде таяуда Түркия әскері жүргізген операция барысында "Ислам мемлекеті" террор ұйымына қатысқан 300-ге жуық шетел азаматы қолға түскенін хабарлаған болатын.
Мұнан өзге, шетелдің экстремистік ұйымға қатысы бар мыңнан астам азаматы Түркия түрмесінде отыр. Ердоған Сириядағы террор ұйымға қосылған, ұрыс кезінде қолға түсіп, тұтқында отырған азаматтарының тағдырына немқұрайды қарайды деп Еуропа мемлекеттерін бірнеше рет сынаған. АҚШ президенті Дональд Трамп та Еуропа мемлекеттерін қазір күрдтер күзетіндегі лагерьлерде отырған азаматтарын қайтарып алуға шақырған. Кейбір ақпараттарға қарағанда, Түркия Сирияның солтүстігінде әскери операция жүргізген кезде күрдтер қолындағы жүздеген содыр қамаудан қашып шыққан.
Британиядан бастап бірқатар Еуропа елдері Сирия мен Ирактағы радикал діншілдерге қосылған азаматтарын азаматтығынан айырған еді. Түркия бұл адамдарды да депортациялағысы келеді, бірақ оларды азаматтығынан айырған елдер қабылдай ма, жоқ па белгісіз.
Сирияда қарулы қақтығыс басталғалы Қазақстанның да сегіз жүзге жуық азаматы Сирия мен Ирак аумағына кеткені белгілі болған. Қазақстан 2019 жылдың басынан бері "Жусан" операциясы арқылы Сирия аумағындағы азаматтарын қайтара бастады. Арнаулы операция бойынша келгендердің көпшілігі әйелдер мен балалар.
Дереккөз: Азаттық радиосы