Жыл басынан бері Атырау облысында республикалық маңызы бар жолдарда 42 жол-көлік оқиғасы болып, нәтижесінде 24 адам қаза болды. Кісі өлімі «Атырау-Орал» трассасында көп болған.
Полиция департаменті хабарлағандай, жыл басынан бері жануарлардың қатысуымен 5 жол-көлік оқиғасы болған, 4 адам қаза тауып, 5 адам жарақат алған (өткен жылы 3 жол-көлік оқиғасы болып, екі адам қайтыс болған еді).
Мәселен, «Ақтөбе-Атырау-Астрахан» трассасында ВАЗ-2114 көлігі түйемен соқтығысып, 3 адам қаза тапты. Полиция департаменті қалталы адамдар мен ұйымдарға ауылдағы мал иелерін жарық шағылысатын ленталармен жарақтау туралы өтінішпен жүгінген. Бір демеуші көмек көрсеткен.
- Жазда мұнай компаниясы Мақат ауданы Ескене және Тастескен ауылдарының тұрғындарын 520 жарық шағылыстырғыш ленталармен қамтыды. Қараңғыда жүргізуші жол бойына кенеттен шыға келген сиырларды, жылқыларды немесе түйелерді көре алмаған кезде апат болып жатады, - дейді департаменттегілер.
Жүргізушілер жол бойындағы шұңқырларды айналып өткен кезде көліктер жиі бетпе-бет соқтығысып жатады. Көп жолдардың сапасы шынымен де сын көтермейді.
- Біз көлік жолдары мен жолаушылар тасымалы бағыттарын зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Оның нәтижелері бойынша 1107 ұйғарым берілді, оның ішінде 547-сі қозғалысты реттеуге арналған техникалық құралдарды қалпына келтіруге немесе орнатуға, 107-сі жол төсемін қалпына келтіруге берілген. Жол-коммуналдық органдарының 126 лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - дейді Полиция департаменті бастығының орынбасары Берік АМАНГЕЛДІ.
Жалпы, жыл басынан бері Атырау облысында жол жүру ережесін бұзғаны үшін 111 322 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 1061-і мас күйде көлік жүргізсе, 312-сі қарсы жолаққа шығып кеткен. Сот шешімімен 1 355 адам жүргізуші куәлігінен айырылды. Айыппұл сомасы 1 миллиард 176 миллион 931 мың теңгені құрады.
2019 ЖЫЛДЫҢ ХРОНИКАСЫ
15 қыркүйекте Құлсары-Атырау тас жолының 40-шы шақырымында Toyota Sienna минивэні мен тіркемесі жоқ жүк көлігі соқтығысып, үш адам оқиға орнында қайтыс болды.
1 тамызда «Атырау-Индер» трассасының 120-шы шақырымында Индербор ауылының тұрғындары мінген Nissan Teana көлігінің артқы дөңгелектері жарылып, көлік аударылып қалған. 40 жастағы жолаушы оқиға орнында қайтыс болды, жүргізуші мен тағы үш жолаушы аудандық ауруханаға жеткізілді.
18 шілдеде Атырау-Доссор трассасында жеңіл көлік екі түйеге соқтығысып, үш адам қаза тапты, тағы екі адам ауруханаға түсті.
6 шілдеде Исатай ауданының Жанбай ауылынан 18 шақырым жердегі Атырау-Астрахан трассасында Toyota Ipsum минивэні аударылып, екі адам қаза тапты.
21 маусымда Бөдене ауылы маңындағы Атырау-Индер трассасында сиырды айналып өтпек болған Toyota Camry жүргізушісі қарсы жолақта келе жатқан Lexus көлігіне соғылды. Сол жерде екі әйел мен ер адам қайтыс болды.
18 сәуірде Атырау-Доссор трассасында «Газель» жүк көлігі, «ДЭУ» автобусы және «Тойота» минивэні соқтығысып, бір адам қайтыс болды.
8 наурызда Атырау-Доссор трассасында ВАЗ «Приора» мен «Toyota Corolla» бетпе-бет соқтығысып, 3 адам қаза тапты.
6 ақпанда Атырау-Орал трассасында Оралдан Атырауға бара жатқан DAEWOO маршруттық автобусы Volvo маркалы жүк көлігімен соқтығысқан. Нәтижесінде автобустың үш жолаушысы қаза тауып, 15 адам жарақат алды.
4 ақпанда Атырау-Құлсары трассасында Доссор ауылынан 50 км қашықтықта КамАЗ және Toyota Camry бетпе-бет соқтығысқан. Жеңіл көлік жүргізушісі ауруханаға апара жатқан кезде жедел жәрдем көлігінде қайтыс болды.
Дайындаған Фархат ӘБІЛОВ
Суреттерді түсірген автор