Атырау облысында билер кеңесі жыл басынан бері 250-ге жуық отбасы мәселесін қараған. Олардың 16-сы ажыраспауға шешім қабылдаса, 168 жағдайда алимент, баланы қамқорлыққа алу дауларын бітімгершілік жолмен шешкен. Ал қалған материалдар сотқа жіберілген. Бұл туралы брифингте «Атырау облысының билер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғаббас ХИСМЕТТУЛЛИН мәлімдеді.
Өткен жылы «Билер кеңесі» облыстық соттардағы даулы істерге қатысу туралы меморондумға қол қойып, соның аясында сотқа дейінгі және соттағы отбасын сақтап қалу, алимент өндіру, пәтерден шығару, берешек қарызды өндіру, жол-көлік оқиғасымен келтірілген залалды қарастыру, көршілер арасындағы даулар секілді мәселелерді шешуге кірісті. Бүгінде Атырау бұл қоғамдық бірлестіктің құрамында 60 азамат бар, оның 47-і аудандардағы жұмыс топтарының мүшелері.
Әсем БОЛАТҚЫЗЫ