Боливия президенті Эво Моралес президент сайлауының бірінші турының ресми қорытындысын жоққа шығарып, қайта сайлау өткізуге келісті. Ол бұл қадамды оппозицияның жаппай қарсылығынан кейін жасады.
Моралес сайлау комиссиясын таратып, жаңадан құруға да келісім берді.
Мұның алдында Америка мемлекеттерінің ұйымы сайлаушылардың шынайы таңдауына жол ашу мақсатында осындай қадамдар жасауға шақырған. Оппозицияның бұл ұсыныспен келісетіні немесе қарсылық акциясын әрі қарай жалғастыратыны әзірге белгісіз.
Қарсылыққа шыққандар Боливияның мемлекеттік ақпарат құралдарының жұмысын тоқтатты. Олар жексенбіге қараған түні Боливияның ірі қаласы Ла-Пастағы жалпы ұлттық Radio Patria Nueva радиостанциясы мен жалпыұлттық Bolivia TV теле арнасын қоршауға алды. Осыдан кейін ресми БАҚ ақпарат таратуды доғарып, эфирге музыка мен кино ғана шығара бастады.
Боливия СІМ қарсылыққа шыққандарды "радикалды топтар" деп атады. Оларды "журналистерге шабуыл жасады", "бейбіт өмір орнатып, демократияны қорғау, заң үстемдігі мен Боливия бірлігін сақтап қалу жолында саяси диалог бастауға ықыласы жоқ" деп айыптады.
Президент Моралес қарсылыққа шыққандар Оруро қаласындағы қарындасы Эстер Моралестің үйін өртегенін хабарлады.
Оппозиция қарсылығы сайлау комиссиясы 20 қазандағы президент сайлауының қорытындысын жариялағаннан кейін басталған. Комиссия мәліметінше, төртінші рет сайлауға түскен президент Эво Моралес 47 пайыздан астам дауыс алған, ал оның басты қарсыласы, бұрынғы журналист Карлос Месаға берілген дауыс 36 пайыздан асқан.
10 пайыз айырма Моралесті бірінші турда жеңімпаз деп жариялауға мүмкіндік беретін еді. Алайда Меса сайлау нәтижелерін мойындамады. Ол сайлау заңының жаппай бұзылғанын алға тартып, екінші тур өткізуді талап ету үшін жақтастарын көшеге шақырды. Боливияның бірнеше қаласында полициямен қақтығыс болып, кем дегенде үш адам қаза болды.
Моралес төтенше жағдай жариялап, оппозицияны "мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды" деп айыптады. Кейінірек оппозицияны келіссөзге шақырды.
Сенбі күні оппозиция кандидаты Карлос Меса билікпен келіссөзден бас тартатыны жайлы видео үндеу жариялады. "Моралес пен оның үкіметімен сөйлесетін дәнеңе жоқ» деген ол билікті "алаяқтар" деп айыптады. "Боливия "жоқ" деп айтады" деп аталатын оппозициялық қозғалыс жетекшісі Оскар Ортис те келіссөзден бас тартты. Еуродақ Боливия билігінен президент сайлауының екінші турын өткізуді талап етті.
Дереккөз: Азаттық радиосы