Атырауға қаржы полициясының екінші бригадасы аяқ басты
Біздің дереккөздеріміз хабарлағандай, үстіміздегі жылдың жазында басталған бұрынғы облыс әкімі Б. РЫСҚАЛИЕВ командасының қызметіне бас прокуратура мен қаржы полициясының жүргізген тексеру жұмыстары аяқталып, астаналық тергеушілер тобы үйлеріне оралды. Бірақ жақында Атырауға қаржы полициясының басқа бір тергеушілер тобы келді. Олардың міндеті - өз әріптестерінің жұмыс нәтижелерін тексеру.
ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми хабарламасы бойынша, қаржы полициясының бірінші бригадасы жасаған жұмыстың алдын-ала қорытындылары мынадай: 2012 жылғы тамыз-қыркүйек айларында облыстық әкімдік пен мердігер мекемелердің лауазымды тұлғаларының сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасау фактілері бойынша 13 қылмыстық іс қозғалды. Тергеу ісі мемлекетке келтірілген зиянды алдын-ала 16 млрд теңгеден астам сомаға бағалады. Атырау облыстық, қалалық әкімдіктердің және мердігер мекемелердің бірнеше лауазымды тұлғалары қамауға алынып, 5 адамға іздеу жарияланды. 2012 жылдың 2-8 қазаны аралығында Б. Рысқалиев командасындағы сыбайлас жемқорларға қарсы тағы да 8 қылмыстық іс қозғалды. Осы 8 іс бойынша мемлекетке тигізілген зиянды тергеу ісі 14 млрд теңгеге бағалады. Осылайша, ұрланған жалпы сома 30 млрд теңгеге (шамамен 200 млн доллар) бағаланды.
Ал қаржы полициясының жаңадан келген тергеу тобы үстіміздегі жылдың тамыз-қазан айларында анықталған көптеген фактілерді қазымырлана қайта тексеріп шығады. Мәселен, мердігерлер жүргізген жұмыс көлемдерін сол жерге барып анықтайды және т.б. Қайта тексеру мақсаты – бірінші комиссияның қорытындыларын растау және нақтылау, Атыраудан қаржыны теріс пайдаланудың жаңа фактілерін тауып алуы мүмкін.
Қаржы полициясының жаңа бригадасы есепке алынбаған мұнайды өңдеудің және заңсыз отынды сатудың астыртын сызбаларына қатысты мұнай саласындағы ұрлау фактілеріне тергеу жүргізеді деген қауесет расталған да жоқ, теріске де шығарылмады. Жақында Атырау мұнай өңдеу зауытында кешенді тексеру жұмыстары жүргізілді. Бірақ тексеруді қаржы полициясы емес, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ, яғни зауыттың меншік иесі жүргізген болатын. Тексеру нәтижелері жарияланған жоқ.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ