Атырау, 27 қараша 01:17
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Twitter-дің бұрынғы қызметкерлерін Эр-Риядқа тыңшылық жасады деп айыптады

2 498 просмотра


АҚШ-тың әділет министрлігі Twitter-дің бұрынғы екі қызметкері және олардың Сауд Арабиясындағы әріптесін Эр-Риядқа тыңшылық жасады деп айыптады. 

Сот құжаттарындағы дерекке сәйкес, олар әлеуметтік желі қолданушыларының жеке деректерін жинап, Сауд Арабиясы билігіне берген және сол үшін сыйақы алған. Құжатта Эр-Риядты сынаған алты мыңнан астам Twitter қолданушысының жеке дерегі жайлы айтылады.

АҚШ-тың құқық қорғау органдары Twitter-дің бұрынғы қызметкерлері Әли Альзабара, Ахмад Абуаммо және Ахмед Альмутайриді шетел агенті ретінде тіркелмей, Сауд Арабиясына жұмыс істеді деп айыптап отыр. АҚШ азаматы Ахмад Абуаммо қамауға алынған. АҚШ-тың әділет министрлігінің хабарлауынша, қалған екеуі басқа елге кеткен. Қолданушылардың жеке деректерін бергені үшін Twitter-дің бұрынғы қызметкерлері Эр-Риядтан ақша және өзге де қымбат заттар алған.

АҚШ-тың Таяу Шығыстағы негізгі әріптесі саналатын Сауд Арабиясын Батыс адам құқығын өрескел бұзды деп бірнеше рет сынаған. Өткен жылы оппозициялық журналист Жамал Хашоггидің өліміне байланысты Эр-Рияд өткір сыналды. Сауд Арабиясы бұған қоса, Йемендегі азаматтық соғысқа араласқаны үшін сынға ұшыраған.

Дереккөз: Азаттық радиосы

7 қараша 2019, 15:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.