«Шеврон» корпорациясы 2019 жылдың ІІІ тоқсанындағы есебін жариялады, онда Теңіздегі Келешек кеңею жобасының бюджеті мен мерзімдері көбейеді деп болжануда.
Корпорация ККЖ (Келешек кеңею жобасы) – ҰЕҚБЖ (Ұңғыма ернеуіндегі қысымды басқару жобасы) бойынша шығындар мен кестелерге егжей-тегжейлі талдау жүргізді. Нәтижесінде шығындар сметасы 45,2 млрд долларға дейін және болжанбаған шығындар үшін қосымша 1,3 млрд доллармен толықтырылды.
ККЖ-ны іске қосу 2022 жылдың аяғында ҰЕҚБЖ пайдалануға берілгеннен кейін - 2023 жылдың ортасына шегерілді. ТШО жаңартылған бағаны акционерлердің бекітуіне ұсынды. Болжанбаған шығындарды қоса алғанда, жалпы шығындар 25%-ға көбейген.
Естеріңізге салсақ, ТШО 2016 жылдың жазында ККЖ-ҰЕҚБЖ қаржыландыру туралы түпкілікті шешім қабылдады. Оның құны бүгінгі күнге дейін болжанбаған шығындарға резервті есептегенде 36,8 млрд долларды құрайды. ККЖ-нің іске асырылуына байланысты Теңізде шикі мұнай өндірудің өндірістік қуаты жылына 12 млн тоннаға немесе тәулігіне 260 мың баррельге артады. Нәтижесінде жыл сайынғы мұнай өндіру көлемі 39 млн тонна (тәулігіне 850 мың баррель) болады.
Inbusiness.kz порталында Wood Mackenzie агенттігінің Каспий теңізіндегі барлау және өндіру жөніндегі бас сарапшысы Эшли Шерманның мәлімдемесі жарияланған. Ол шығындардың 25 пайызға артуы ТШО-ның 50 пайызын бақылайтын Chevron және серіктестері, соның ішінде ExxonMobil (25 %) үшін жақсы болмады. Оның айтуынша, бұл жаңалық «Қазақстан мен Каспий аймағындағы ең ірі жобаны іске асыруға кері әсерін тигізеді. Бұл жаңалық бірнеше ірі мұнай компаниялары Қазақстанның ең ірі теңіз жобасынан - Қаламқас теңізі мен Хазарды 5 миллиард долларға игеру жобасынан шыққаннан кейін дереу пайда болды... «Теңізшевройлда» шығындар қысымы туралы мәселе 2018 жылдан бастап қаралды».
Шевронның есебіне сүйенсек, құрылысқа қосымша шығындар, соның ішінде бақылау-өлшеу аспаптарын орнатуға байланысты смета көбейтілген.
Қазіргі уақытта ТШО компаниясының серіктестері: «Шеврон»- 50%, «ЭксонМобил Казахстан Венчурс Инк.» - 25%, «ҚазМұнайГаз» ҰК - 20%, «ЛукАрко» БК - 5%.
Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА