Қырғызстан мен Тәжікстан шекарадағы қауіпсіздік шараларын күшейту туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ, тараптар терроризммен күрес саласындағы ынтымақтастықтың тиімділігін арттыру мәселелерін талқылады. Бұл туралы Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚК) баспасөз орталығы таратқан мәлімдемеде айтылған.
«Кездесудің негізгі тақырыбы екі республиканың шекаралас аймақтарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету болды. Сондай-ақ, терроризм мен экстремизмге қарсы күресте ведомствоаралық ынтымақтастықтың тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды. Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан Республикасының мемлекеттік шекарасын делимитация және демаркациялау жөніндегі үкіметаралық комиссияның жұмысы нәтижелі жүріп жатыр», — делінген хабарламада.
Баспасөз орталығының хабарлауынша, Исфара қаласында өткен кездесуде қатысушылар «екі елдің шекарасындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, діни экстремистік және халықаралық террористік ұйымдардың диверсиялық қызметіне бірлесіп қарсы тұру үшін ынтымақтастықты нығайту қажеттілігі туралы» келісімге келген. Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасының ұзындығы шамамен 970 км. Оның тек 519 шақырымы ғана бекітілген. КСРО ыдырағаннан кейін, жергілікті тұрғындар мен екі республиканың әскери қызметкерлері арасындағықақтығыстар жиі орын алған. Шамамен үш жыл бұрын Бішкек пен Душанбе ортақ шекара учаскесінің демаркациясы мен делимитациясын жандандыруға келіскен болатын.
Дереккөз: Qazaqtimes.com