Әлеуметтік желілерде Атырау тұрғындары әдеттегі жасыл, сары, қызыл бағдарлармен қатар қызыл плюс белгісі жанатын бағдаршам суреттерін жариялай бастады. Мұның қандай өзгеріс екенін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміндегілер хабарлады.
- Қызыл «+» белгісі – қарсы келе жатқан көліктер үшін, яғни қиылыстың қарама-қарсы жағында қызыл сигнал қосулы екенін ескертеді, соның арқасында сіз кідіріссіз солға бұрыла аласыз. Өшірулі қызыл «+» - рұқсат сигналы бойынша солға бұрылғанда, қарсы келе жатқан көліктерге жол беру керек екенін білдіреді.
Мұндай бағдаршамдар Баймұханов-Бейбарыс, Бейбарыс-Амандосов және Махамбет-Уәлиханов көшелерінің қиылысында орнатылған. Болашақта олар Бейбарыс-Тайманов және Бейбарыс-Құрманғазы көшелерінің қиылысында да пайда болады.
Бұрылыс жасау кезінде жүргізушілер көліктердің қозғалыс тәртібін сақтауы тиіс. Қосымша белгі жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Анастасия АЛЮШИНА
Атырау қалалық әкімдігі ұсынған сурет