АҚШ президенті Трамп Украина президенті Зеленскиймен арадағы шілде айындағы телефон әңгімесі жайлы өкілдер палатасына ақпарат беріп, шағым түсірген арнайы қызмет өкілінің аты-жөнін атауды сұрады. Осы шағымнан кейін АҚШ конгресі Трампқа импичмент жариялау мәселесі бойынша зерттеу бастаған еді.
Жексенбі күні журналистермен сөйлескен Трамп шындыққа сай келмейтін ақпарат берген бұл адам - "Орталық барлау басқармасының бұрынғы директоры Бреннанның және "Трампты жеккөретін" бұрынғы президент Барак Обаманың адамы болуы мүмкін" деп санайды.
Ақпарат берген адамның аты-жөнін жариялау қажеттігі жайлы Трамп твиттерінде де жазған.
Президент Трамп Украина президенті Зеленскиймен әңгімесі бұрмаланғанын, ол Украина президентіне қысым жасамағанын, АҚШ жоғары лауазымды адамдарының қатысы болуы мүмкін жемқорлық істі тексеруді ғана сұрағанын айтады. Ақ үй жариялаған телефон әңгімесінде "жемқорлық тексерілмесе, Украинаға берілетін әскери көмек кідіртілетіні" жайлы сөз болмаған. Алайда өкілдер палатасында сұралған бірқатар шенеуніктер "Украинаны Трамп шартын орындауға мәжбүрлеу үшін әскери көмек кідіртілді" деген болжамды растайды.
Трамп пен Зеленскийдің телефон әңгімесі жайлы ақпарат берген адамның адвокаты жексенбі күні оның республикашылдар, Трамп партияластары алдында – конгресте жауап беруге дайын екенін мәлімдеді. Алайда адвокат қауіпсіздік мақсатында ақпарат беруші адамның аты-жөнін жариялауға болмайтын айтты.
Дереккөз: Азаттық радиосы