АҚШ Конгресі Дональд Трампқа қарсы импичмент үдерісін бастауға қатысты резолюцияны қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Өкілдер палатасының 232 депутаты бұл бастаманы қолдаса, 196-сы қарсылық танытқан. Басымдық демократтарда. Енді тергеу мен сыртқы істер сынды алты комитет Конргестің Ақ үй басшысына айып тағуға дәлелдері жеткілікті ме, соны анықтауы керек. Ақ үй басшысы жаңалықты әдеттегідей әзілмен қабылдады. Бұл үдеріске «Мыстандарды аулау» деп ат берген. Өкілдер палатасы конституциялық құқығын қолданып, Дональд Трампты қызметінен кетіре алады ма? Тиісті комитеттер осыны анықтайды. Конгресте бекітілген құжат осылай басталады. Демек тергеу енді ресми әрі ашық түрде өтеді деген сөз. Дауыс беріп, қабылданған резолюцияның мақсаты да осы еді. Нәтижесінде, тергеуді алты комитет бірігіп жүргізеді. Куәгерлердің жауабы ашық түрде жарияланады. Комитет басшылары мен олардың көмекшілері импичмент үдерісіне қатысты куәгерлерге 90 минут бойы сұрақ қоя алады.
Адам Шифф, өкілдер палатасы тергеу бойынша комитетінің төрағасы: – Ұлттық қауіпсіздікті қатерге қойғандар заң жүзінде жауапқа тартылады. Өзінің саяси қызығушылығын мемлекеттен жоғары қойған билік лауазымнан кетеді. Заң шығарған ата-бабаларымыз осындай жағдайдың боларын біліп, импичмент үдерісін ойлап тапқан. Резолюцияның басталуы қуанатындай жайт емес, әрине. Дегенмен тергеуді соңына дейін жеткіземіз.
Жалпы импичмент үдерісі ұзақ уақытқа созылатынын айта кетейік. Яғни алдымен комитеттер айғақ жинайды. Одан соң, төменгі палатада қайта дауыс беру өтеді. Ақ үй басшысын биліктен бір ауыздан кетіреміз десе, бұл шешім Сенатқа жолданады. Соңғы сөз осы жерде қабылданады. Ал мұнда Трамптың жақтастары, республикалықтардың басым екенін айта кетейік.
Кевин Маккарти, өкілдер палатасындағы республикалықтардың көшбасшысы: – Демократтар қандай жолмен болса да, президентке импичмент жариялап, биліктен кетірмек. Себебі алдағы сайлауда бұл лауазымға қайта тағайындала ма деп алаңдаулы. Бұл менің емес, солардың сөздері.
Ақ үй Өкілдер палатасындағы дауыс беру қорытындысы бойынша сыни мәлімдеме жасады. Әкімшілік демократтардың бұл әрекетін заңсыз әрі Америка халқына қауіп төндіреді деп отыр. Ал Дональд Трамптың өзі твиттерге шағын мәлімдеме жасап құтылды.
Дональд Трамп: – Бұл – Америка тарихындағы ең ауқымды «Мыстандарды аулау» үдерісі.
Америка Құрама Штаттарындағы жағдай осы. Демократтар Дональд Трампқа көңілі толмайтындықтарын айтып жатыр. Ал бұл арада Сирия басшысы Башар Асад Ақ үйдің қазіргі жетекшісі АҚШ тарихындағы ең мықты президент деп атады.
Башар Асад, Сирия президенті: – Неліктен дейсіз бе? Дональд Трампты мақтағанда, оның ұстанған саясаты туралы айтып тұрғаным жоқ. Керісінше, ашықтығы ұнайды. АҚШ-тың президенттері қылмыс жасап алып, ізінше Нобель сыйлығын алады, адам құқығын қорғап шығады. Трамп мұнай керек болса, «мұнай керек» деп ашығын айтады. Өте шыншыл дұшпан дер едім Ақ үй басшысын.
Сирия президенті бұл мәлімдемені Трамптың аль-Бағдадиға қатысты сөзінен соң жасады. Башар Асад «Ирак және Левант» лаңкестік ұйымының басшысы өлтірілгеніне күмәнмен қарап отыр. Сондай-ақ америкалық әскерлердің Сирия аумағынан әлі толық кетпегенін жеткізді. «Ирак және Левант» лаңкестік ұйымы ресми түрде аль-Бағдадидің өлімін растап, орнына жаңа көшбасшы тағайындағандарын жеткізді. Бұған дейін аль-Бағдади өлді деген хабар 17 мәрте тараған екен. Лаңкестік ұйым бірінші рет осылайша ресми түрде растап отыр.
Дереккөз: 24.kz