Доссор поселкесіндегі Абай атындағы орта мектебі өткен жылдан бері күрделі жөндеу жұмысы жүргізілетіндіктен жабылып қалғалы жүз шақты оқушы Қанатбаев атындағы орта мектепке барып жүр. Ол да Доссорда, бірақ, оған теміржол және құбыр желісі бойымен 3 шақырым жаяу жүріп жету балаларға өте қиын.
- Қыста балалардың мектепке жете алмай, жарты жолда үйге кері қайтатын кездері болды. Өйткені, жолда тоңып-шашырап, әрі қарай жүруге қиналатын. Біз аудан әкімдігіне шығып, уақытша автобус бөлуін қайта-қайта сұрағанбыз, бірақ ол тілегіміз орындалмады,- дейді поселке тұрғыны Болат ТОҚМАМБЕТОВ.
- Бас мердігер «Мұнайқұрылыссервис» ЖШС-мен арадағы келісім-шарт бойынша Абай атындағы орта мектебіндегі күрделі жөндеу жұмысы осы жылдың аяғында толық аяқталуы тиіс, - дейді аудан әкімінің орынбасары Полымбет ХАСАНОВ. -Бірақ біз бас мердігерден жұмысты тездетіп, екінші тоқсанға дейін бітіріп беруін өтіндік. Егер жөндеу жұмыстары айтылған мерзімде бітпей қалса, онда оқушыларды оқу орнына жеткізуге арналған көлік ұйымдастыратын боламыз.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА