Бұл әзірге тәжірибе ретінде және бір маршрутта ғана жүзеге аспақ.
- 5 қарашадан бастап №65 маршрутқа қатынайтын автобустар кондукторсыз жүреді. Бұл кондукторлардың жұмысы туралы қала тұрғындарының көптеген шағымдарын ескере отырып, көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту мақсатында жасалып отыр, - деп хабарлайды «Атырау-Автопарк» ЖШС Facebook-тегі парақшасында.
Осыған байланысты, тасымалдаушы әкімшілігі жолаушылардан жол жүру ақысын автобустардағы стационарлы құрылғылар арқылы немесе жүргізушіден бір реттік билетті сатып алу арқылы өз бетінше төлеуді өтінеді.
Жол жүру ақысын төлеуді түсіндіру және тексеру үшін бастапқыда бұл бағытта еріктілер, сондай-ақ, ақы төлемейтіндерді ұстау үшін бақылаушылар жұмылдырылады. Естеріңізге салсақ, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 622-бабының 2-тармағында («Қоғамдық көлікте жол жүргені үшін ақы төлеуден жалтару») 2 АЕК (5050 теңге) көлемінде айыппұл салуды қарастырады.
Егер тәжірибе ойдағыдай шықса, болашақта автопарк басшылығы басқа бағыттардағы автобус кондукторларын да алып тастамақ.
Анастасия АЛЮШИНА