Атырау, 23 қараша 21:34
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Комиссияны күтеді

2 786 просмотра

Бұл отбасының Индербор поселкесіндегі жергілікті әкімдік ұсынған ескі аурухананың қуықтай бір бөлмесін паналап отырғанына он жыл болды. 

Берік АЙМАН мен Гүлжан ЖАРҚЫНБАЕВА мұнда Батыс Қазақстан облысы Жанама ауылынан көшіп келген. Жұмыс табуға тырысқанымен, бәрі ойдағыдай болмады. 

- Біз әуелі Индерборда пәтер жалдап тұрдық, кейін ақшамыз таусылып қалды, - дейді Берік.– Қазір біз 16 шаршы метрлік терезесі жоқ бөлмеде тұрып жатырмыз. Әжетхана мұнда жоқ, ол үшін көршілес мектепке барамыз.

Беріктің өзі II топтағы мүгедек, эпилепсиямен ауырады.

- Оның талма ауруы ұстағанда екі балам қорыққандарынан жылап отырады. Талмасы кез-келген уақытта ұстап қалады. Әжетхана ішінде де талай рет есінен танып қалған кездері болды, - дейді Гүлжан. 

Ұлдары Жарылқасын туа бітті сал ауруымен ауырады, қуығы ұстамайды. Екі бірдей мүгедек жанға қарайласып отырған Гүлжан тіпті дүкенге де шығып келу мұң. Ай сайын мүгедек жандарға тиесілі 55 мың теңгені дәрі-дәрмек, жөргектерге жұмсайды, коммуналдық төлемдері тағы бар.

- Өткен жылы бөлменің қасынан ас үй мен пеш салу үшін несие алдық. Пайыздары үлкен, бірақ, амал не, пешсіз отыру қиын болды. Банкке ай сайынғы төлем, газ, электр энергиясына беретін төлемақыны қосқанда тамақ алуға ауыспай жатады. Бізді аяған дүкеншілер қарызға азық-түлік береді,- дейді Гүлжан.

Бұл отбасы баспана бөлу мәселесімен талай рет әкімдікке барып, «Нұр Отанға» да арыз жазған. Бірақ, әзірге нәтиже жоқ. «Нұр Отан» партиясының арнайы комиссиясы «үйді» жөндеп береміз деген уәделеріне тұрмады.

- Мен бұл отбасының ауыр жағдайынан хабардармын. Бірнеше жылдан бері аудан орталығында құрылыс жүргізілмей келеді. Үй алу кезегінің өте баяу жылжып жатқаны содан. Біз тағы бір комиссия құрып, жағдайын нақтылайтын боламыз. Ертеңгі күні баспанамен қамтылады деп айта алмаймын, оған қаражат керек. Бірақ бір шарасын аламыз, -дейді Индер ауданы әкімінің орынбасары Әлифолла БАЛАХМЕТОВ

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

31 қазан 2012, 17:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.