Құлсары қаласы мен Индербор поселкесінің көптеген үйлерінде жылу жоқ. Жергілікті тұрғындар автономды қазандықтарға үміт артып отыр.
ҚҰЛСАРЫ. Қала әкімі Шәкір КЕЙКИННІҢ айтуынша, Құлсарыға жылу маусымы, әдеттегідей, 15 қазаннан басталғанымен, жылу қаладағы көпқабатты 87 үйдің барлығында бірдей жоқ.
- Екі жыл ішінде біз жылытуға арналған коммуникацияларды ауыстыруға 240 млн теңге жұмсадық. Осы жылы 200 млн теңгенің жаңа орталық жылыту қазандығын орнаттық, бірақ, ескі құбырларда апат бәрібір орын алуда. Оларды күрделі жөндеуден өткізу келесі жылға қалып отыр. Әзірге қолымыздан келгенше апат орын алып отырған құбыр бөлігін жамап-жасқаудамыз, - дейді Ш.Кейкин.
Ал тұрғындар билікке үміт артпай, жылыту мәселесін өздері шешіп бағып, автономды қазандықтарды қондыруда. Әрине, тәуекелге бел байлап отыр. Бірнеше жыл бұрын газдан уланудың бірнеше фактілері кездескен және бір кісі өлімі болған. Газшылар тұрғындардың заңсыз әрекетіне шағымданып сотқа берген. Алайда, бұл тұрғындарды тоқтатып отырған жоқ.
- Жаңадан салынған орталық жылу қазандығы қалыпты режимде жұмыс жасап кеткенде, әкімдік заңсыз қондырылған жылу қазандығынан айыру туралы қаулы шығарамыз, - деп қорқытты қала әкімі Кейкин.
1-ықшамаудандағы №29 үйдің тұрғыны Виктор ПЕНСКОЙДЫҢ пікірінше,көпқабатты үйлердің жертөлелері кәріз суларымен толған.
- Жылу құбырлары пластикпен жертөлеге дейін ғана ауыстырылған. Жертөледе ескі шойын жатыр. Ол көп көлемдегі қалдық суды көтере алмай үгітілуде, - дейді В.Пенской.– Сондықтан қазандық қанша жаңа болса да, оның жылуы бізге тесік тұрбалар арқылы жетпейді.
ИНДЕРБОР. Индербор поселкесін жылумен қамтушы «ИндерКомСервис» ЖШС банкрот болып қалды. Әкімдіктің көпқабатты үйлерге мұржа шығарып, пәтер иелері автономды жылу қазандығын орнату туралы бастамасын газшылар қолдамады, рұқсат берген жоқ. Тұрғындар болса, үміт артумен жаңа жылыту маусымына да жетті. Ал дәл қазір 6 үйдегі 400-ден астам пәтер жылытылмай отыр.
Поселкедегі 14 көпқабатты үйді жылумен қамту жұмысы «ЖК Сисенғалиевке» тапсырылған. Таңат СИСЕНҒАЛИЕВ өз кезегінде жылу беру жұмысын ертерек өз міндетіне жүктегенде, үйлерді уақытында жылумен қамтамасыз етуге болар еді дейді.
- Қазір біздің жұмысшылар жылыту қазандықтарын қосуға жұмыстануда. Біз енді жылудың төлемақысын алдын-ала алуға тырысамыз. Бірақ тұрғындарды жылу болатынына көз жеткізіп, сендіруіміз қажет. Өйтпейінше біз де банкрот боламыз,- дейді Т.Сисенғалиев.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА