Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университетінің үздік тарихшы студенті енді ғалым, ұстаз, қоғам қайраткері Ғинаят ӘБДІРАХМАНОВ атындағы шәкіртақыны ала алады.
- Ғинаят Әбдірахманов біздің Гурьев педагогикалық институтына ұстаз болып келген Киров атындағы ҚазМУ-дің тарих факультетінің алғашқы түлегі болды. Кезінде ҚазМУ беделді жоғарғы оқу орны болатын. Қазір де беделі түскен емес, Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті деп аталады. Одан кейін институтқа Алдамжаров, Досқали және басқа да ҚазМУ-дің түлектері келіп, біздің оқу орнымыздың мықты ұстаздар құрамы мен мақтанышына айналды, - деп әңгімелейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Лесқали БЕРДІҒОЖИН. – Ғинаят Әбдірахманов бүкіл ғұмырын оқытушылық және ағартушылық жұмысқа арнады. Біз үшін, сол кездегі жас әріптестері үшін тәлімгер болды. Еңбек жолын Балықшыда орта мектептің оқу ісінің меңгерушісі болып жұмыс жасады, Орджоникидзе атындағы мектептің директоры болды, содан кейін Мұқанов атындағы мектепке басшылық етті. 1966 жылдан бастап Ғ.Әбдірахманов біздің оқу орнымыздың сырттай оқыту факультетінің проректоры болды. Кейіннен партияның облыстық комитеті оны «Знание» қоғамы басшысының бірінші орынбасарлығына ұсынды. Оның сол кезде 17 жыл жұмыс тәжірибесі бар болатын. Содан кейін ол өз институтына оралып, кафедраның аға оқытушысы болып, 1991 жылы Мәскеуде академиялық доцент атағын қорғады. Қазіргі заманғы жіктеуге сәйкес, ол профессор атағымен тең. 50-ден астам ғылыми мақалалардың авторы.
Атаулы грантқа белсенді қоғамдық жұмыстарға атсалысып жүрген оқу озаттары үміткер бола алады. Шәкіртақы көлемі «Тарих» мамандығы бойынша білім алып жүрген студенттің жылдық оқу ақысын өтейді.
Бұдан басқа, Х.Досмұхамедұлы атындағы АМУ-дің №331 аудиториясы мен Атырау облыстық ұлттық гимназиясы орналасқан көшеге Ғинаят Әбдірахмановтың есімі берілді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА