Атырау облысының әкімі қол астындағылардың әрекеттері үшін жауап беруге дайын екенін білдірді, деп хабарлайды «Ақ Жайық» тілшісі.
Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары тұрақты жүргізіліп жатқанына қарамастан, қазіргі уақытта Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасарына, білім және мәдениет басқармасы басшыларына қатысты сот ісі жүріп жатыр. Олар өз лауазымдарын атқарып жүріп, бірқатар сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасады деп айыпталуда.
- Олардың әрқайсысы түрлі қызмет атқарды, өз саласының мамандары, облыстың әртүрлі ұйымдарында мемлекеттік қызметте көп жылдық тәжірибелері бар, меритократия қағидаларына сәйкес өз лауазымдарына келмес бұрын бірнеше қызметтік сатыдан өткен. Мәселен, Нұрсәуле Сайлауованың білім және мемлекеттік қызмет саласында 19 жылдық тәжірибесі бар, еңбек жолын қарапайым мұғалімнен бастап, облыс әкімінің орынбасарына дейін қызметтер атқарған, ал білім беру бөлімінің басшысы Қайырғали Кенжеғалиев та қарапайым мұғалім болып бастаған.
Олардың бәрі де Атырау облысының тумалары, жауапкершілікке тартылған кезде оларға берілген мінездеме жақсы болған, тағайындалар алдында мемлекеттік қызмет туралы заңда белгіленген арнайы тексеру рәсімдерінен өткен, - деді Атырау облысының әкімі.
- Елбасы, “Nur Otan” партиясының төрағасы, партияның саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті түбегейлі күшейту қажеттігін айтты. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының, егер қол астындағы қызметкері сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталса, мемлекеттік қызметші отставкаға кетуі тиіс деген тапсырмасы бар, оны басшылық қарайды, - деді Нұрлан Ноғаев. - Егер бұл адамдардың кінәсі дәлелденсе, мен жауапкершіліктен қашпаймын.
Облыс басшысы жергілікті атқарушы органдардың кез-келген құқық бұзушылықтың алдын-алу бағытында тұрақты жұмыс істеп жатқандығын, облыс әкімдігінде осы мәселелер бойынша уәкілетті органдармен және «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп жұмыс істейтін комиссияның бар екенін де атап өтті.
- Зиянды, заңға қайшы әрекеттердің ашылуы - біздің де жұмысымыздың нәтижесі, - деді әкім.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА