Украинаның сыртқы істер министрі Вадим Пристайко Луганскі облысы Золотое қаласынан жоспарлы түрде әскер әкетіле бастағанын хабарлады.
"Золотое қаласынан дәл қазір әскер әкетіліп жатыр. Бүгіннен бастаймыз" деді Пристайко 29 қазанда Мариуполь қаласында өткен инвестициялық форум кезінде. Оның айтуынша, ЕҚЫҰ бақылау миссиясының жұмысына байланысты процесс сәл кешігіп басталған. Әскердің әкетілу процесін ЕҚЫҰ миссиясы бақылап жатыр.
Пристайконың айтуынша, Золотое қаласында процесс аяқталған соң билік көрші Петровское қаласынан әскер әкете бастайды.
Украина шығысындағы жағдайды реттеуге уәде беріп, биыл мамыр айында қызметіне кіріскен президент Владимир Зеленский қазан айының басында "Штайнмайер формуласы" арқылы әскер әкетуге келіскен. Осыдан бірнеше жыл бұрын Германияның бұрынғы сыртқы істер министрі, қазіргі президенті Франк-Вальтер Штайнмайер ресейшіл сепаратистер бақылауындағы Украина шығысындағы аймаққа "ерекше мәртебе беру туралы" заңды уақытша енгізуді ұсынған. Бұл ұсыныс "Штайнмайер формуласы" деп аталды. Бұған дейін Украинада наразылық шарасы өтіп, наразылар Украинаның шығысындағы жағдайды реттеу мәселесінде билік "Ресейдің ығына жығылды" деп билікті айыптаған.
Дереккөз: Азаттық радиосы