Осындай ұранмен жақында Атырауда мектеп оқушылары мен студенттер бірнеше ай бұрын ағалары жүріп өткен жолмен атты экспедиция жасап, Қараой жазығындағы батыр, ақын, күйші Махамбет Өтемісұлының мазарына тәу етіп қайтты. Индербор ауылынан атқа қонып, жеті сағат ішінде 40 шақырым жолды артқа қалдырған экспедиция мүшелері өздерінің ат құлағында ойнаған жауынгер халықтың ұрпағы екендерін көрсете білді.
Білім-инновация лицейі жанынан арнайы ашылған үйірмеге қатысып, атпен жүруді үйреніп, тәжірибе жинақтаған оқушылар ұзақ жолға тыңғылықты дайындықпен шыққан.
- Жастармыз, мектеп оқушылары туған өлкенің табиғатымен, қасиетті жер саналатын Махамбет Өтемісұлының кесенесімен және жылқы жануарымен жақынырақ танысты,- дейді жоба авторы, «Мирасқор» қоғамдық қорының жетекшісі Амандық БАҒЫТҰЛЫ. -Жастарды бабалар жолымен жүргізу арқылы олардың санасына аз да болса ұлттық тарихымызды, ұлттық рухымызды сіңірдік деп есептеймін.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттер экспедиция мүшелерінен алынды