13 жасар Альфия ТІЛЕКҚАБЫЛ 24-26 қазанда Алматыда Республика сарайында өткен «Бала дауысы» ұлттық байқауының финалында екінші орын алды.
Ал сәуір айында Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайында байқаудың аймақтық іріктеу кезеңі өтіп, оған Альфиямен бірге 200-ге жуық жас орындаушылар қатысқан еді. Алайда, біздің өңірімізді осындай үлкен сахнада таныту бақыты Альфияға бұйырды.
- Іріктеу кезеңінде қатысушылар а капелланы қосқанда үш музыкалық шығарма орындады. Ол кезде қазылар алқасында танымал қазақстандық әнші Динара Сұлтан қатысқан еді, ол кейін «Бала дауысы» финалында біздің Альфияның тәлімгері болды, - деп әңгімелейді Альфияның анасы Жанаргүл НЫҒМЕТОВА. – Финалға алдын-ала дайындалу үшін 15 қазанда бардық, қанша дегенмен бұл телешоу ғой. Дайындық кезінде шипажайлардың бірінде орналасқан «жұлдыздар үйінде» тұрдық. Республика сарайына барып, онда хореографтармен және басқа да жұлдыздармен дайындық жасадық.
24 қазанда өткен байқаудың бірінші кезеңінде Альфия авторлық «Аққу арманы» әнін орындап, жүлде ретінде осы әннің алтын дискісін алды.
- 26 қазанда балалар өздерінің тәлімгерлерімен бірге өнер көрсетті. Дауыс беру арқылы біздің Альфия екінші орынға ие болды.
Альфия – «Мелоди» театр студиясының шәкірті, екі жылдан бері ұстазы Аня Цатынианидің жетекшілігімен вокалмен айналысып келеді. Альфия - ерекше қыз, бала кезінен көзі көрмесе де керемет есту қабілеті мен әдемі дауысы бар.
- Альфияның ерекшелігін ескере отырып, оған сахнада өнер көрсетуге дайындалу қиынға түсті ме?
- Мен үнемі оның жанындамын, оның көздерімін. Құлағына қолдау сөздерін сыбырлап айтамын. Белгілі себептермен ол хореографиялық қозғалыстардың қалай жасалатынын көре алмайды. Ұстазының би қимылдарын қайталай алмайды, сондықтан оған өз қолымен «көрсетуге» тура келді.
- Альфияжан ән айтудан басқа тағы немен айналысады?
- Ол фортепианода, домбырада және аздап қобызда ойнайды. Байқаудан оралғаннан кейін шабыттанғаны соншалық, өзі музыка жаза бастады. Жақын достары мен құрбылары жоқ, өйткені мұндай балалардың көпшілігі шеттеу жүреді ғой. Көп болса, жай ғана бір-бірімен амандасады. Сондықтан 6 жастан бастап оны шығармашылыққа әуес қылуға тырыстым. Бұл үлкен еңбек.
Ендеше, Альфия мен оның отбасына жаңа шығармашылық табыстар мен жеңістер тілейміз!
Анастасия АЛЮШИНА
Ашық дереккөздерден алынған суреттер