Балықшыда таңғы сағат үштер шамасында Құнанбаев көшесіндегі №14 үйдің жанынан кеуде тұсынан пышақ жарақатын алған, ессіз күйде жатқан ер адам анықталды. 33 жастағы жергілікті тұрғын облыстық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізіліп, полиция қылмыскерді іздестіре бастады. Осы жерде бейнебақылау жүйесінің көмегі тиді.
Қалалық полиция басқармасы жедел басқару орталығының (ЖБО) қызметкері Мұратбай Қадыров бейнекамераларды бақылап отырып, болжамды қылмыс орнынан асығыс кетіп бара жатқан күдікті адамға назар аударады. Рация арқылы күдікті адамның қай бағытқа қозғалғанын және белгілерін көрсетіп, жақын маңдағы «Батыс» автопатрулінің экипажына бағдар береді. Көп ұзамай күдікті үйлердің бірінің ауласында ұсталған. Кейін оның қылмысқа қатысы бар екені анықталды.
Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА