26 қазанда сағат 17.50-де №2016 әскери бөлімшенің (шекара қызметі) жауынгері «менингококк инфекциясының күрт асқынатын түрі» деген алдын-ала диагнозбен ауыр халде Атырау облыстық ауруханасына түсті. Сарбазды аман алып қалу мүмкін болмады, ол бірнеше сағаттан кейін қайтыс болды. Осыған орай, 28 қазанда ӨКҚ-де облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Гүлнафис ТАҢБАЕВАНЫҢ және облыстың штаттан тыс эпидемиологы Гүлжамал ТАУБАЕВАНЫҢ қатысуымен брифинг өтті.
- Әріптестерінің айтуынша, сарбаз соңғы 3-4 күн бойы ауырып жүрген, басы айналып, жөтеліп, әлсін-әлсін құсқан, бірақ медициналық көмекке тек 26 қазанда жүгінген, - деді Г.Таңбаева.
Мәйіт сот-медициналық сараптама орталығына жіберілген, нәтижелері 3-12 күнде дайын болады.
27 қазанда бір топ дәрігер №2016 әскери бөлімшеге аттанып, эпидемияға қарсы алдын-алу шараларын өткізді. Науқаспен байланыста болған 130 әскери қызметшінің барлығы тексеріліп, 54-інен жедел респираторлық вирустық инфекциялардың ерте сатылары анықталды.
Менингококк инфекциясы анықталмады, бірақ олардың барлығы антибиотиктермен емделіп, медициналық бақылауға алынды.
Гүлжамал Таубаеваның айтуынша, сарбаз Атырауға 19 қазанда Қызылорда облысынан пойыз арқылы жас сарбаздар құрамымен келген.
- Менингококк инфекциясының инкубациялық кезеңі - 2-10 күн. Оны сол жақтан жұқтырып келген деп ойлаймыз.
Эпидемиолог ДДСҰ мәліметтері бойынша, халықтың 10%-ы өзінің менингококк инфекциясын тасымалдаушы екенін және ол бұл туралы қоршаған орта, әсіресе иммунитеті әлсіз адамдар үшін қауіп төндіретінін білмейді.
- Менингиттің алғашқы белгілері – қатты қызулау, әлсіздік, жүрек айну. Ол кәдімгі ЖРВИ секілді басталып, содан кейін иммунитет төмендегенде өте қауіпті ауруға ұласуы мүмкін. Сондықтан сақ болып, осындай белгілер болса, дереу дәрігерге жүгініңіздер.
Менингококк инфекциясының тіркелгені туралы ақпарат теміржол көлігіне қызмет ететін медициналық қызметтерге, Денсаулық сақтау министрлігіне және Қызылорда облысына жолданды.
Биыл Атырау облысында менингококк инфекциясы бір рет - жазда 6 жасар балада тіркеліп, оны емдеп үлгерген еді.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суретті түсірген автор