17-18 қазанда Атырауда Қазақстанның мемлекеттік гимні авторларының бірі, ақын Жұмекен Нәжімеденов атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауы өтті. Биыл төртінші мәрте өткізіліп отырған байқауға еліміздің әр өңірінен 18-35 жас аралығындағы 16 үміткер қатысып, оларға Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Мереке ҚҰЛКЕНОВ бастаған қазылар алқасы баға берді.
Қатысушыларды бағалау барысында олардың көркем мәтінді оқу шеберлігімен қатар, дауыс мәнеріне, тіл тазалығына, көркем мәтінді таңдау талғамы мен сахнада өзін-өзі ұстауына, тіпті, сахналық киіміне де баса мән берілген.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде мен 500 мың теңге сыйлығы Алматы қаласынан келген Динара БАҚЫТҚЫЗЫНА бұйырды.
- Байқауға поэзиядан Жұмекеннің «Бөрік» өлеңін, прозадан «Ақшағыл» романынан үзінді оқыдым. Жалпы Жұмекеннің 30 дан аса өлеңін жатқа білемін,- дейді Динара. – Қазір Алматы қаласындағы №24 лицейде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен ұстаздық етіп, көркемсөз оқуларына шәкірт тәрбилеумен айналысамын. Шәкірттерім де республикалық көркемсөз оқуларының жеңімпазы.
Байқау қорытындысында жүлделі бірінші орынды маңғыстаулық Әлия БЕКІШОВА (300 мың теңге), екінші орынды батысқазақстандық Нұрсұлтан БАҚТЫБАЙ мен ақмолалық Еркебұлан БАЙСАҚОВ (200 мың теңгеден), үшінші орынды СҚО-дан келген Нұрсұлтан ӘЛІМБАЕВ, қостанайлық Сырым ЖАНЖІГІТОВ және атыраулық Ақбаян АЛПЫСБАЙ (әрқайсысы 100 мың теңгеден) еншіледі. Өзге қатысушылар алғыс хат және 50 мың теңге ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті түсірген автор