Атырау, 22 қараша 04:17
 бұлттыВ Атырау +4
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

«Алғаш рет бірінші орын алдым, енді – бас жүлде»

Бейнежазба
7 328 просмотра


15-17 қазанда облыстық халық шығармашылығы орталығында Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Мемлекеттік және Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты, дәулескер күйші-композитор Қаршыға АХМЕДИЯРОВ атындағы «Күй-Ұран» ІI Республикалық жеке домбырашылар байқауы өтіп, Атырау, Алматы, Қызылорда, Ақтөбе облыстарынан келген 16 үміткер бақ сынады. Күйшінің жары, ағасы және ұлы да шараның құрметті қонағы ретінде қатысты.  

Байқау талаптары бойынша қатысушылар Қаршыға Ахмедияровтың шығармаларынан бөлек жеребе арқылы өзге де күйшілердің шығармаларын орындады. Домбырашылардың өнеріне Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Карима САХАРБАЕВА бастаған қазылар алқасы бағасын берді.  


Байқау қорытындысында 16 қатысушының арасынан бас жүлде мен 1 миллион теңге сыйлық Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының ұстазы, алматылық Таңат САДЕНОВКЕ бұйырды.

Таңат Саденов 25 жаста, Атырау облысы Құлсары Қаласында дүниеге келген.

- 5 жасымнан 3 сыныпқа келгенімше Ақтөбе қаласында Сағын Мұхамбетов деген домбырашыдан сабақ алдым. 4 сыныптан бастап Алматы қаласындағы Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған музыка интернатында оқып, одан соң Астанада қазақ ұлттық академиясында, Алматыда Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында сабақ алдым. Қазіргі кезде Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында ұстаздық қызмет атқарамын, - дейді жеңімпаз. - Байқауда жеребе бойынша суырып 25-ке тарта күй орындадым. Барлығы да өзімнің жетік білетін шығармаларым болды. Бұл байқауға биыл екінші рет келуім. 2016 жылы ұйымдастырылған алғашқы байқауда бірінші орын иеленсем, осы жолы бас жүлде бұйырды.

Байқаудың бірінші орны Алматы қаласынан келген қос домбырашы Назерке БАЗАРБАЕВА мен Тоғжан ҚЫДЫРСИХОВАҒА (500 мың теңгеден), екінші орны алматылық Ақбөкен ТЕМІРГЕ (300 мың теңге) бұйырды. Ал, жүлделі үшінші орынды алматылық Әліби НЫШАН мен атыраулықтар Жанарыс ОСПАН, Жәнібек ЖӘМИЕВ (әрқайсысы 200 мың теңгеден) еншіледі.


Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суретті және бейнежазбаны түсірген автор 

23 қазан 2019, 14:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.